АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Президент Жетісу облысындағы қант зауытын іске қосуды тапсырды.
"Еліміздегі 4 қант зауытының екеуі Жетісуда орналасқан. Оның біреуі – Ақсу қант зауыты жұмыс істемей тұр. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап облыстық бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Алайда, серіктес инвестор тарапынан серпінді жұмыс байқалмай отыр.Биыл жазда елімізде қант бірден қымбаттап, тіпті, тапшылық туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығының кесірінен болды. Тіпті, тиісті кадрлық шешімдер қабылдауымызға тура келді", - деді мемлекет басшысы.
Ол тұралап тұрған зауытты тез арада іске қосуды тапсырды. Басқа инвесторларды тарту мәселесін қарастыру қажет екенін атап өтті.
"Жетісу облысында қант қызылшасы егілетін аумақты 2,5 есе ұлғайтып, 15 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Биылғы қант тапшылығы мәселесі өзіміздің шаруаларды қолдау өте маңызды екенін көрсетті. Жәрдем шаралары тек қазақстандық фермерлерді қолдауға арналған", - деді президент.