Экология министрлігі Қостанай облысындағы орман өртінің алдын ала себебін атады

Өрттен келген тікелей шығын 4 млрд теңгені құрап отыр
Sputnik
АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қостанай облысындағы орман өртінің алдын ала себебін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бастапқыда жалпы аумақ 43,8 мың гектар болды. Егер су нысандары мен ауыл шаруашылығы алқаптарын алып тастасақ, онда 40 мың гектарға жуық. Оның шамамен 35 мың гектары – орман алқабы отқа оранды", - деді Брекешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, министрліктен екі комиссия жұмыс істеген. Комиссияның алдын ала мәліметінше, бүгінде өрттен келген тікелей шығын 4 млрд теңгеге жуықтап отыр.
"Әзірге бізден жұмыс істеген комиссия, сондай-ақ ведомствоаралық комиссия өрт табиғи емес деген нұсқаға тоқтады. Комиссиялар мұны қылмыстық іс аясында тергеп жатыр. Сол себепті таяу арада өрттің нақты себептері анықталады", - деді министр.
Экология министрінің мәліметінше, республиканың мемлекеттік орман қорының жалпы аумағы 30,5 млн гектарды құрайды. Ведомствоға бағынышты 32 ұйым министрліктің қарауында, оларға 7,4 млн гектар бекітілген. Орман шаруашылығының 122 мемлекеттік мекемесі әкімдіктерге қарайды. Тиісінше орман аумағы 23 млн гектарға жуық, бұл бүкіл орман қорының 75%-і.
Қостанай облысындағы өрт: зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы аяқталып қалды