АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына жұмыс сапары кезінде өңірдің газбен қамту мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, бұл шара халықтың жайлы өмір сүруіне, тұрмыс сапасын жақсартуға әсер етеді. Сондай-ақ, экологиялық мәселелерді шешуге септігін тигізеді. Қазір көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді.
"Алматы – Талдықорған" магистральді газ құбыры салынып, облыс орталығына газ толық берілді. 2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, "Талдықорған – Үшарал" бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді", - деді президент.
Мемлекет басшысы үкіметке осы жобаны қаржыландыруды тапсырды.
"Сонымен бірге, газ желісіне қосылу құны азаматтар үшін тым қымбатқа түспеуі қажет", - деді Тоқаев.