Тоқаев үш ауысыммен жұмыс істейтін 52 мектеп туралы айтты

Sputnik
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Алматы облысына жұмыс сапарымен барған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысыммен жұмыс істейтін мектептердің мәселесін шұғыл шешуді тапсырды. Бұдан бөлек, облыс орталығында дарынды балаларға арналған лицей және интернат салынады.
"Ұлт болашағы ұрпақтың білімді болуына байланысты. Мен білім саласына, оның ішінде әрбір өңірдегі мектептердің жай-күйіне айрықша мән беріп отырмын. Алматы облысында үш ауысыммен оқытатын мектеп мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Аймақта осындай 52 мектеп бар. Небәрі 30 мың оқушыға есептелген мектептерде 90 мыңға жуық бала оқып жатыр. Бұл мәселені шұғыл шешу қажет", - деді Тоқаев облыс халқымен кездесуде.
Оның айтуынша, осы жұмысқа мемлекет және жекеменшік серіктестігі арқылы бизнес өкілдерін тартқан жөн. Ал "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында тағы 39 мектеп салынады.
"Бұдан бөлек, Қонаевта дарынды балаларға арналған лицей және интернат ашу қажет. Тағы да қайталап айтамын. Мектеп салу және оны жаңғырту – әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіштердің бірі", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Бұдан бөлек, мемлекет басшысы облыс халқының санын ескере отырып, медицина мекемелерін салу мәселесіне баса назар аударды. Ал қазіргі ауруханалар мен емханаларды заман талабына сай жаңғырту қажет.
"Бүгінде облыста 396 денсаулық сақтау мекемесі бар. Менің тапсырмам бойынша ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында осы өңірде үш жылдың ішінде 38 емдеу орны салынады. Алайда, мұның өзі жеткіліксіз", - деді президент.
Облыс басшылығына жаңа бас жоспарды әзірлеу міндеті де жүктелді. Өңірде әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер, балабақшалар, мәдениет және спорт нысандары жаппай салынуы шарт. Санаториялық және курорттық аймақтар пайда болады. Ал облыс орталығын экологиясы таза, өмір сүруге қолайлы "ақылды" қала ретінде дамыту қажет.