АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
"Сіздер өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеп жүрсіздер. Бұл мәртебелі міндетті абыроймен атқарып келесіздер.Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез-келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті сын сәтте сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеледі", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент құтқарушылар халқымыздың игілігі мен табиғатымыздың құндылықтарын түрлі қауіп-қатерден қорғап, бүгінге дейін мыңдаған адамның ғұмырын сақтап қалғанын атап өтті.
"Сондықтан ерен еңбектеріңіз ең жоғары бағаға лайық. Сіздер алдағы уақытта да қызметтік борыштарыңызды мінсіз атқарып, ел алдындағы маңызды миссияны жалғастыра бересіздер деп сенемін", - деп толықтырды мемлекет басшысы.
Президент құтқарушылардың жұмысына табыс, отбасына амандық тіледі.