Тоқаев азық-түлік бағасын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді

Sputnik
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев делдалдық схемаларды тергеу жұмысын күшейтуді тапсырды. Олардың кесірінен азық-түліктің бағасы шарықтап кеткен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Алматы облысына жұмыс сапарымен барған президент азық-түлік бағасына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бағаның өсуіне көп жағдайда делдалдар себеп болып жатады.
"Азық-түлік дүкен сөресіне жеткенше бағаны бірнеше рет көтеру сатысынан өтеді. Оны бәрі біледі. Сол себепті тауарды жеткізу тізбегінен делдалдарды алып тастаған маңызды. Осы мәселеге қатысты тапсырмалар да, әңгімелер де бұған дейін болған", - деді Тоқаев облыс халқымен кездесуде.
Осы орайда мемлекет басшысы делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі аймақтық комиссиялардың жұмысын күшейтуді тапсырды.
"Бағаны бұйрықпен реттей алмаймыз. Бірақ әкімдер делдалдармен мәселені шеше алады және тиісті деңгейде шешуге міндетті. Ал үкімет әкімдермен бірге инфляция деңгейін төмендету және бақылау бойынша 2022-2024 жылдарға арналған іс-шаралар кешенін тиімді әрі уақытылы іске асыруға тиіс. Осы мәселе менің жеке бақылауымда болады", - деп атап өтті президент.
Тоқаев инфляция деңгейіне де тоқталды. Өткен айда ол көрсеткіш 17 проценттен асты.
"Ол әлі де өсіп келеді. Соның салдарынан халықтың табысы төмендейді. Ал бағаның өсуіне азық-түлік инфляциясы қатты әсер етіп отыр. Оның деңгейі 20 процентке жетті", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, импорттық тауарлар қымбаттағаннан кейін азық-түліктің бағасы өседі. Оны төмендету үшін шетелден келетін тауарды отандық өніммен алмастыру қажет.