АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қазақстанда сырқаты ауыр сотталғандарға жазаны кейін өтеу мүмкіндігін беру жоспарланып отыр. Бұл туралы ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мұндай норма Қылмыстық, Қылмыстық-процесттік және Қылмыстық атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасында қаралған.
"Қылмыстық кодекстің 75-бабын сырқаты ауыр сотталғандарға жазасын өтеуді кейінге қалдыруға мүмкіндік беретін нормамен толықтыру ұсынылады", - деді Қожаев мәжілісте заң жобасын таныстырып.
Айтуынша, қолданыстағы заң бойынша сот колонияда жазасын өтеп жатқан сотталған адамға қатысты жазаны өтеуден босату немесе жазаны жеңіл жазаға ауыстыру туралы шешім қабылдай алады.
"Қазіргі таңда сот залынан бас бостандығынан айыру орындарына сырқаты ауыр сотталушылар жіберіледі. Ұсынылып отырған түзету қабылданған жағдайда сот науқас сотталушыға жаза тағайындау кезінде жазаны кейінге қалдыру мүмкіндігін қолдана алады. Бұл сотталушыларға азаматтық медициналық мекемелерде дер кезінде емделуге мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Қожаев.
Ол жазаны кейінге қалдырудың нақты мерзімі жоқ екенін айтты. Яғни сотталушы толық емделгенге дейін бостандықта болады. Бұл ретте жазаны кейінге қалдыру нормасы өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға қатысты қолданылмайды. Сонымен қатар Қожаев сотталған адамның шынымен ауыр сырқатқа шалдыққанын кім анықтайтынын түсіндірді.
"Егер сотталған адам жазаны кейінге қалдыруға негіз болатын аурулар тізіміндегі аурумен ауырса, ең алдымен, сол мекемеде дәрігерлік-квалификациялық комиссия құрылады. Комиссияның қорытындысы арнайы медициналық комиссияға жолданады. Оның құрамына азаматтық мекемелердің бейінді дәрігерлері, психикалық денсаулық орталықтарының қызметкерлері, кем дегенде бес немесе жеті медицина қызметкері кіреді. Оларда әлгі адамды түрмеде емдеуге бола ма, жоқ па, соны анықтайды. Егер ауруы емделмейтін болса, ол мамандандырылған медициналық мекемеге жіберіледі", - деді министрдің орынбасары.
Бұған қоса, заң жобасында ауыр сырқатқа байланысты босату туралы сот қаулыларын дереу орындау туралы норма көзделген.
ІІМ мәліметінше, 2015 жылдан бастап 2022 жылға дейін сырқаты ауыр 441 сотталғанның 75-і немесе 18%-і сот шешім қабылдағанға дейін, ал 31-і немесе 9%-і үкім заңды күшіне енгенге дейін қайтыс болған.