АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қостанай тұрғыны жеке сот орындаушыны көлікпен қағып кетті. Қарызға батқан азамат көлігін тәркілеуге қарсылық білдірген.
Полиция әкімшілік хаттама толтырып, істі сотқа жөнелтті. Алайда жәбірленуші борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Борышкер Рахат Мақашевтың жеке сот орындаушының айтқанын орындамай, көлігімен кері шегінгені жақын маңдағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
"Қала тұрғыны темір тұлпарын тәркілеуге қарсылық білдіргендіктен қағып өтті" дейді сот орындаушы Владислава Петраш.
"Ол мені 20 минут бойы көндіруге тырысты. 102-ге қоңырау шалып, полицияны күтіп тұрдым. Кенет көлігіне отырды да, кері шегіне бастады. Мені тыңдаған да жоқ. Көліктің артында тұрғанымды айнасынан көрді. Соған қарамастан әуелі баяу қозғалып, одан кейін жылдамдықты үдете түсті", - дейді Владислава Петраш.
Жеңіл жарақат алған жеке сот орындаушы көлік астында қалып қоймағанына шүкіршілік етеді. Қызмет бабындағы қызметкердің денсаулығына зиян келтіргені үшін ол әкімшілік емес қылмыстық жазаға тартылуы тиіс дейді Владислава Петраш. Ал 43 миллион қарызы бар қала тұрғыны өз уәжін айтты.
"Заң бойынша қолында қағазы болуы керек. Біріншіден, көлік әйелімнің атында. Ол әйелімді шақыруға тиіс. Сотқа беру керек. Сосын көлікті сатып, жарты ақшасын әйеліме, жартысын маған беру керек. Заң бойынша солай", - дейді Қостанай қаласының тұрғыны Рахат Мақашев.
Облыстық соттың баспасөз қызметі Мақашевтің ісі сотқа түскенін хабарлады. Қостанай тұрғыны қос бап бойынша жауапқа тартылмақ.
"Әкімшілік кодекстің 610- бабы 2- бөлігі және 611- баптың 2- бөлігі бойынша қала тұрғынына қатысты екі әкімшілік іс түсті. Сот отырысы қазан айының 28-іне белгіленіп отыр", - дейді Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің бөлім басшысы Зәуре Едікова.
Сарапшылар борышкерлердің басым бөлігі ашушаң болып келеді дейді. Кейбіреуі тіпті сот орындаушыларға қарсылық білдіріп, балағаттай жөнелетінін айтады. Соларды сабасына түсіру үшін сот орындаушылардың құқығын қорғайтын тиісті заң қабылдау қажет дейді.
"Олар өз-өзін қорғау үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Сот орындаушының ең басты мақсаты – заңды күшіне енген сот шешімін орындау", - дейді сарапшы Несібелі Бәсенова.
Владислава Петраш бұған дейін де борышкер тарапынан балағат сөз естігенін айтады. Сол жолы Рахат Мақашев учаскелік полицейден ескерту алған. Енді бұл жолы істі соңына дейін жеткіземін деп отыр.