АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі елдегі төтенше қауіпсіз мекемелерді таратуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Мейрам Аюбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанда алты төтенше қауіпсіз мекемесі (ерекше режимдегі колониялар) бар.
"Бүгінгі таңда біз осы мекемелерді таратуды көздеп отырмыз. Ал ондағы сотталғандарды қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерге ауыстырамыз. Осылайша сотталғандар жазасын тұрғылықты жері бойынша өтейді. Олардың әлеуметтік байланысы жақсарады", - деді Аюбаев мәжіліс кулуарында.
Ол төтенше қауіпсіз мекемелерде аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтеп жатқанын атап өтті. Аюбаевтың ақпаратына сүйенсек, бүгінде республикада 34 мың сотталған адам бар. Олардың 28 мыңы бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жатса, 6 мыңы – тергеу изоляторларында.
Айта кетері, мәжілісте Қылмыстық, Қылмыстық-процесттік және Қылмыстық атқару кодекстеріне қылмыстық сот төрелігі, жазаны орындау және азаптау мен қатыгездіктің алдын алу саласындағы адам құқықтары мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы таныстырылды.
Оған сәйкес, ІІМ сырқаты ауыр сотталғандарға жазаны өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндігін беруді ұсынып отыр.