АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Қазақстан автоөнеркәсібі қаңтар-тамыз аралығында 68,6 мың автокөлік шығарды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,7%-ке артық.
2022 жылдың тамыз айында елімізде 9 мың автокөлік шығарылды. Бұл өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 14,8%-ке артық.
Ең көп автомобильдер маусымда (11,2 мың), одан кейін мамырда (9,9 мың) және бұған дейін аталған тамызда шығарылған.
Energyprom.kz мониторинг компаниясының материалында автомобиль өндіруші көптеген елмен салыстырғанда Қазақстан әлемдегі автомобиль өндірісінің өсімі бойынша айтарлықтай жоғары орынға ие екендігі аталып өткен.
Малайзия мен Индонезияда да өндірістің айтарлықтай өсіп, сәйкесінше 70,3% және 31,5% деңгейді көрсетті.
Бірақ алдыңғы қатарлы елдерде өсім баяулағаны байқалады. Мысалы, Қытайда өндіріс осы кезеңде 4,9%-ке ғана өссе, АҚШ-та 7,4%-ке артты. Германияда автокөлік өндірісі небәрі 3,4%-ке, ал Оңтүстік Кореяда 1,7%-ке ғана ұлғайған. Ұлыбритания және Жапония сияқты елдерде өндіріс айтарлықтай төмендеп, сәйкесінше 9% және 9,7%-ті көрсетті.
Сарапшылардың пікірінше, қазір жалпы автомобиль өнеркәсібі қиын кезеңді бастан өткеріп жатыр: оған ұзаққа созылған пандемия мен локдаундар, жартылай өткізгіштердің тапшылығы және жаһандық жеткізу тізбегінің бұзылуы әсер етті.