Астана спортшылары Республика күніне арналған патриоттық челленджді бастады

Sputnik
АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Астанада республика күніне орай "Қыран елім – Қазақстаным!" акциясы іске қосылды.
Елордалық спортшылар акция аясында "Қазақстан – Республикам менің" өлеңін оқып, эстафетаны Атырау қаласының спортшыларына тапсырды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Қатысушылар елордадағы мемлекеттік рәміздер алаңына жиналып, бүкіл ел бойынша өтетін челленджді іске қосты, сол сияқты жас республиканың халықаралық татами, корт, трек және рингтегі спорттық жеңістерін атап өтті.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға өзгерістер енгізіп, 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп жариялады. Біз, Астана қаласының спортшылары, Республика күнін жаңа ұлттық мереке ретінде атап өтеміз", - деді Олимпиада чемпионы, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары Серік Сәпиев
Ол челлендж тізбек бойынша еліміздің өзге қалалары мен өңірлеріне эстафета ретінде беріледі.
"Бұл челленджді Атырау спортшыларына тапсырамыз. Акция отандық спортты дамыту мақсатында өткізіледі", - деп толықтырды Сәпиев.
"Қыран елім – Қазақстаным!" патриоттық акциясы қазан айының соңына дейін жалғасады.
Патриоттық акцияға кез келген адам қосыла алады. Ол үшін қала тұрғындарының жеке парақшаларында #РеспубликаКүні, #ДеньРеспублики хэштегтерімен бейнероликтер жариялау қажет.