Алматы облысында екі сыныптың оқушылары бір кабинетте білім алады

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 қазан – Sputnik. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауылында оқушылар мектепке сыймай жатыр. 800 оқушыға арналған білім ошағында 2100 бала білім алып жүр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған видеода екі сыныптың оқушылары бір кабинетте екі жаққа қарап сабақ оқып жатыр. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Дәуренбекова оқушылардың сыймай жатқанын растады.
Оқушылар 3 ауысыммен білім алып жатыр.

"Ауданда ұйғыр, аралас қазақ-ұйғыр және бір лицей бар. Лицей 800 орынға арналған. Бірақ қазіргі күні 2100 бала оқып жатыр. 900 орынға арналған жаңа мектеп салынып жатыр", - дейді Ұйғыр ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Ноғайбекова.

Жаңа салынған мектеп те Шонжы ауылының мәселесін толық шешпейтін болып тұр. Өйткені лицейде оқитын 2100 оқушының 900-і жаңа мектепке ауысса, 800 орындық бұрынғы мектеп ғимаратында 1200 оқушы қалады.
Айта кетейік, лицейден бөлек ұйғыр және қазақ–ұйғыр мектебінде де дәл осындай жағдай. Ұйғыр мектебі 540 оқушыға арналған. Білім алып жатқаны 600 оқушы. Қазақ–ұйғыр мектебі 150 оқушыға арналған, ал мұнда 250 оқушы оқып жатыр.