АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Бұрын Алматы мен Қонаев қалаларының арасында қатынаған электр пойызы қалпына келтірілуі мүмкін.
"Облыстың көлік-логистика әлеуетін арттыру – басты басымдықтың бірі. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, өңірдің көлік желісін жақсарту үшін кешенді шаралар әзірлеуге тиіс", - деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесуде.
Ол жолаушы және жүк тасымалының мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасауды тапсырды.
"Атап айтқанда, Алматы мен Қонаев қалаларының арасындағы автожолмен қатар теміржол желісін дамыту қажет. Бұрын екі ортада арнайы электр пойызы қатынайтын. Соны қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл шара Алматы маңындағы көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді", - деді мемлекет басшысы
Алматы облысы Алматы шаһарының іргесінде және Қытай шекарасына жақын орналасқан. Мұнда аймақаралық көлік дәліздерін дамыту аса маңызды. Күре жолдар жүк және жолаушы тасымалының көлемін арттырады. Сондай-ақ, бір облыстың ғана емес, тұтас елдің дамуына септігін тигізеді.