АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Қазақстанның ішкі істер министрлігі жол ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді бір апта ішінде айыппұлдың тек жартысын төлеу мүмкіндігінен айыру туралы бастаманы депутаттардың қарауына енгізеді. Полицейлердің пікірінше, бұл шара көлік иелерін тәртіпке салуға көмектеседі.
ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, полицейлер жолдағы қауіпсіздік жағдайына үнемі талдау жасап, жол ережелерін өрескел бұзуға бейім жүргізушілерді тәртіпке салу үшін түбегейлі шаралар қабылдауға тырысады. Соған қарамастан көлік иелері жасаған заңбұзушылықтар саны жыл сайын өсіп барады.
"Осы жылдың өзінде біз Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің сегіз бабына өзгерістер енгізіп, жазаны қатаңдаттық. Бұл дәл осы жол апаттарына әкеп соғатын құқықбұзушылықтар көзделген баптар бойынша", - деді Мұратәлиев.
Алайда, оның айтуынша, бұл шаралар жеткіліксіз. Осыған байланысты жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзатын адамдар үшін жазаны күшейту туралы мәселе қозғалды.
"Егер жүргізуші бір жыл ішінде жол ережесін бес реттен артық бұзса, ол әкімшілік айыппұлды 50 пайыздық жеңілдікпен төлеу құқығынан айырылады. Қазір біз депутаттарға осындай ұсыныс енгізгелі жатырмыз. Егер олар бұл норманы қолдаса, онда жолда тәртіп орната аламыз деген ойдамын", - деді Мұратәлиев.