Экономика

Қазақстанда шағын бизнесті тексеруге мораторий тағы бір жылға ұзартылмақ

Sputnik
АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Қазақстанда шағын бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мораторий мерзімін 2024 жылдың қаңтарына дейін ұзарту жоспарланып отыр.
Ұлттық экономика министрлігі "Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" жарлық жобасын әзірледі.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған.
"Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын", - делінген жарлық мәтінінде.
Алайда Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер бұған кірмейді.
Негіздемеде айтылғандай, мораторийді ұзарту президенттің 2022 жылғы 19 мамырда берген тапсырмасын орындау мақсатында енгізіліп отыр.
Осы жарлық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетері, Қазақстанда шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2020 жылғы қаңтардан бастап 2023 жылғы қаңтарға дейін жарияланған болатын.