Өңірлер

Күздің соңғы айы мен қыста ауа райы қандай болады – синоптиктер болжамы

Sputnik
АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. "Қазгидромет" РМК Қазақстан аумағы бойынша суық жартыжылдыққа маусымдық ауа райы болжамын ұсынды.

Қарашадағы ауа райы болжамы

Синоптиктердің болжамынша, қараша айында республиканың бүкіл аумағында ауа температурасы климаттық норма шамасында болады. Жауын-шашын елдің батыс жартысында – нормадан аз, шығысында – нормаға жуық.
"Бір ай ішінде ауа температурасының ауытқуы, тұман және көктайғақ болжанып отыр. Ал қар жамылғысы түсіп, желдің күшеюімен елдің солтүстігінде бұрқасын болуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Қарашаның бірінші онкүндігінде күн әлі де жылы болады, бірақ айдың екінші және үшінші онкүндігінде Қазақстан аумағына Солтүстік теңіз, Батыс және Шығыс Сібір аудандарынан суық ауа массалары жиі ығысады.
Соның әсерінен:
елдің батыс өңірлерінде ауа температурасы түнде +3+10°С-тан -5-17°С-қа дейін, күндіз +12+22°С-тан -2-10°С-қа дейін біртіндеп төмендейді. Айдың соңында ауа температурасы аздап көтеріледі болжануда;
солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде бірінші онкүндікте ауа температурасы түнде 0,-10°С-тан 0,+5°С дейін, күндіз 0,+5°С-тан +5+15°С дейін ауытқиды деп күтілуде. Екінші және үшінші онкүндіктерде сынап бағанасы түнде -15-20°С дейін, күндіз -5-12°С дейін төмендейді;
оңтүстікте, оңтүстік-шығыста бірінші онкүндікте күндізгі температура +12+20°С болады. Содан кейін түнде -10-17°С, күндіз -1-8°С дейін біртіндеп төмендейді деп болжануда.

Қыс пен көктем

Қыстың алғашқы екі айында – желтоқсанда және қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы нормадан 1° жоғары болады деп болжанып отыр: желтоқсанда – оңтүстік-батыста, орталық және оңтүстік өңірлерде, ал қаңтарда елдің қиыр оңтүстігінде норма шамасында болады.
Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері нормаға жуық болады. Желтоқсанда республиканың солтүстігінде нормадан көп, елдің оңтүстік-батысында нормадан аз, қаңтарда қиыр батыста, солтүстікте, шығыста, оңтүстік-шығыста нормадан көп күтілуде.
Қыстың соңы мен наурыз айында елдің басым аумағында ауа температурасы нормаға жуық болады.
Ақпан айында және көктемнің басында Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын нормадан аз болады деп күтілуде. Алайда белсенді циклондарға байланысты жекелеген күндері тәулігіне айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін.
"Наурызда, әдетте, синоптикалық процестер қыстан көктемге қарай өзгере бастайды. Соның нәтижесінде ауа райы жиі өзгереді. Біресе көктемдегідей жылы және шуақты болады, біресе қайта қыс келіп, ауа температурасы төмендейді, боран соғады, жел күшейіп, қар жауады", - деп ескертті синоптиктер.