АСТАНА, 18 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Павлодардағы мамандырылған балабақшада түсірілген видео тарады. Тәрбиеші түстен кейін ұйықтап жатқан балаларды түртіп, тыныштық бермей жүр. Біреуін қатты шымшып алғаны да көрінеді. Сараптама кезінде баланың жарақат алғаны расталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
18 қазанда қала тұрғыны полицияға арыз түсірді. Осыдан кейін тәртіп сақшылары тексеріс өткізді. Сол кезде 52 балабақша тәрбиешісінің бес жастағы балаға дене жарақатын салғаны анықталды.
Павлодарда тәрбиеші бала денсаулығына зиян келтірген
© Ішкі істер министрлігі
"Осы факт бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оған сәйкес, балаға түскен дене жарақаттары денсаулыққа жеңіл зиян келтірумен сәйкес келеді. Осыған байланысты балабақшаның 30 жастағы тәрбиешісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігінің бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотта қаралады", - дейді полицейлер.
Бұдан бөлек, мекеменің қызметкері мен басшысына қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын қабылдау үшін облыстық білім басқармасына жіберілетін болады. Айта кетері, денсаулыққы қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (47 700 теңге) мөлшерінде айыппұл не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.