Қоғам

Қазақстан сейсмология саласында жасанды интеллектпен жұмыс істейді

Sputnik
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі ХХ ғасырдың жинақталған сейсмологиялық білімі негізінде деректер орталығын құруды жоспарлап отыр.
Калининградта Қазақстан, Беларусь, Ресей ТЖ министрліктерінің бірлескен алқасында "ХХІ ғасырдың цифрлық сейсмологиясы" бағдарламасы ұсынылды.
"Табиғи және геологиялық жағдайлардың алуан түрлілігіне байланысты Қазақстан аумағы табиғи апаттардың көпшілігіне бейім. Олардың бірі – жер сілкінісі. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жойқын жер сілкінісі сырғыма, сел, өрт, эпидемия сияқты қайталама қауіпті құбылыстар мен процестердің кең ауқымын тудырады", - дейді ТЖ министрлігіндегілер.
Мұнда көп нәрсе уақтылы және сенімді сейсмикалық болжамға, халықты ерте хабардар ету жүйесіне, басқару органдары мен халықтың төтенше жағдайда әрекет етуге дайындығына, ұйымдастырушылық және инженерлік-техникалық іс-шаралар кешеніне байланысты.
Осыған байланысты Қазақстан ТЖМ сейсмология институтымен бірлесіп сейсмология саласын цифрландыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, қауіптің барлық түрін мониторингілеу және алдын алудың цифрлық жобалары енгізіледі. ТМЖ сейсмология саласында жасанды интеллектпен жұмыс істейді.
"Осылайша сейсмология институты цифрлық сейсмикалық технологиялардың халықаралық хабына айналады. Біз ведомствоаралық дағдарыс орталығын құруға кірісуге дайынбыз", - деп атап өтті ТЖ алдын алу департаментінің бастығы Рүстембек Әмрин.
Цифрлық сейсмикалық технологиялардың халықаралық хабына мыналар кіреді:
ХХ ғасырдың жинақталған сейсмикалық білімі негізінде деректер орталығын құру;
ХХ ғасыр әдістерінен ХХІ ғасырдың цифрлық алгоритмдеріне көшу;
Цифрлық сейсмодеректер негізінде жаңа ғылыми әдістерді әзірлеу.
Ал қолданбалы цифрлық жобаларды іске асыру мыналарды қамтиды:
Адам қатыспайтын цифрлық жер сілкінісін бақылау станциялары;
Институттың деректер орталығында цифрлық сейсмикалық деректерді жинау және өңдеу;
Республика өңірлері арасындағы цифрлық ерте хабарлау жүйесі;
Қауіптің барлық түрін цифрлық модельдеу;
Сыни объектілерді белсенді түрде ажырата отырып, ведомствоаралық дағдарыс орталығын құру.
ТЖМ ақпаратынша, Қазақстан аумағының 40%-і сейсмикалық қауіпті аймақта және 30%-і техногендік қауіп-қатерге бейім аймақта орналасқан. Бұл 400-ден астам қала мен елді мекендер, оларда 10 миллионнан астам адам тұрады. Өнеркәсіптік әлеуеттің 40%-і және экономика объектілерінің 50%-і осы алаңдарда орналасқан.