Астанада зейнеткер алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. Астанада танысын 7 миллион теңгеге алдап кеткен зейнеткер ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция департаметіне сілтеме жасап.
77 жастағы қала тұрғыны кез келген мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін деп, танысын алдаған. Жәбірленуші оған сеніп қалған. Арзан баспана үшін 7 миллион 450 мың теңгесін беріп қойыпты. Бірақ зейнеткер әртүрлі сылтау айта бастайды. Ақыры уәдесін орындамай, хабарсыз кеткен. Содан жәбірленуші алданып қалғанын түсініп, полицияға арыз түсірді.
Байқоңыр аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары кезінде алаяқтық жолмен ақша тапқан зейнеткерді ұстады. Ол өз кінәсін мойындады. Оның елорда аумағында осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл қылмыс үшін екі жылға дейiн бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ал ірі көлемде жасалған алаяқтық үш жылдан жеті жылға дейін мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.