АЛМАТЫ, 16 қазан — Sputnik. Бейжің Тайваньмен бейбіт жолмен қосылуды көздейді, бірақ күш қолданудан бас тартуға уәде бермейді, деді жексенбіде ҚХР төрағасы, Қытай Компартиясының бас хатшысы Си Цзиньпин ҚКП-ның 20-шы съезінде.
"Біз бейбіт қайта бірігу перспективасын ұстанамыз. Бірақ ешқашан күш қолданудан бас тартуға уәде бермейміз. Тайвань тәуелсіздігін жақтайтын сыртқы күштер мен өте аз сепаратистердің араласуына, сондай-ақ олардың бөліну әрекеттеріне қарсы барлық қажетті шараны қолданамыз", - деді ол.
Сондай-ақ Си Цзиньпин мұндай әрекеттер Тайвань тұрғындарының көпшілігіне қарсы бағытталмайтынын атап өтті. Ол бұған дейін Қытай ешқашан гегемонияға ұмтылмайтынын немесе экспансионизммен айналыспайтынын айтқан болатын.
Оның айтуынша, "Қытай гегемонизм мен күш саясатының барлық түріне, қырғи қабақ соғыс менталитетіне, басқа елдердің ішкі ісіне араласуға және қос стандарттарға үзілді-кесілді қарсы".
Қытайдың басқарушы Коммунистік партиясының жиырмасыншы съезі жексенбіде Бейжіңдегі Халық жиналысы үйінде ашылды. ҚХР-ның барлық өңірлерін ұсынатын делегаттар елдің одан әрі даму бағытын айқындайды және жоғары партиялық басшылықты сайлайды.
Съезд ҚХР Саяси күнтізбесіндегі басты оқиға болып табылады.