Оқиға

Алматыда тергеу изоляторынан қашып кеткен қылмыскер ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 15 қазан - Sputnik. Алматының криминалдық полиция қызметкерлері ЛА-155/18 мекемесінен қашып кеткен қылмыскерді түнде ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
"Ол Қарасу ықшам ауданындағы Солтүстік айналма көшесі бойында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қашу дерегі сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне Қылмыстық кодекстің 426-бабы 1-бөлігі ("ас бостандығынан айыру орындарынан, қамақтан немесе күзеттен қашу") бойынша тіркелді", - деді Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.
Айта кетері, ол адам өлтіргені үшін қыркүйек айында Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 10 жылға сотталған.
Полицейлер қылмыскерді бір тәулік ішінде қолға түсірді. Оның жазасына тағы 3 жыл қосылуы мүмкін.
Бұл факті бойынша ІІМ өзіндік қауіпсіздік департаменті қызметкерлеріне қатысты тексеру жүріп жатыр.