Фото

Қазіргі Астананың ғимараттарында кезінде кімдер тұрды - фото

Соңғы бірнеше аптада Қазақстан астанасы алыс-жақын шетелдің назарын өзіне аударды. Жақында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, елорданың бұрынғы атауының қайтарылуы елдің басты жаңалығына айналып, қызу талқыланды
Sputnik
1 / 10

Астананың халықаралық имиджі, туристер үшін тартымдылығы да арта түскендей. Елордаға келген туристердің көбісі Есілдің сол жағалауында орналасқан көз тартар әсем ғимараттарға, зәулім архитектуралық нысандарға қызығатыны белгілі. Дегенмен, оң жағалауда орналасқан ескі қаланың да өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Мұнда көне қаланың тарихынан сыр шертетін ескерткіштер әлі де сақталған.

2 / 10

Көпес Кубриндердің, Силиндердің және Моисеевтердің үйлері соның айқын дәлелі бола алады. Иван Силин XIX және XX ғасырлардағы ең көрнекті ақмолалық шонжар көпестердің бірі болған. Оны екі қабатты жекежай салдыруға қауқары жеткеннен-ақ байқауға болады. Мұндайға барлық көпестердің батылы бара бермейтін.

3 / 10

Мұнда кітапхана мен филармония болған. Астана Ақмолаға ауысқаннан кейін үй Беларусь елшілігіне берілді. Ал жақында ғимараттың ішінде караоке клуб ашылыпты.

4 / 10

Аңыз бойынша, бірде Василий Кубрин фирманың жұмыстарымен Санкт-Петербургқа барған. Сол жерде актриса немесе балерина қызды бір көргеннен ұнатып қалған деседі. Бойжеткен көпеспен бірге Ақмолаға бару үшін бір шарт қойған. Егер Кубрин Петербургтің ең әсем жекежайлары үлгісінде үй салдыратын болса ғана көшуге дайын екенін айтыпты. Әлбетте Василий Кубрин ғашығының қалауын орындап, сәулетті ғимарат тұрғызған. Алайда, жас жұбайлар зәулім үйде көп уақыт тұра алмаған.

5 / 10

Елордадағы Горький атындағы орыс драма театрын да Кубриндердің мұрасына жатқызуға болады. Өз қаражатына бұл ғимаратты әйелдер гимназиясынан сатып алған. Оны қайта тұрғызып, Ақмоланың ғана емес, бүкіл Қазақстанның алғашқы кәсіби өнер ұжымдарының біріне берген.

Ғимарат бірнеше рет қайта тұрғызылғандықтан алғашқы көрінісін жоғалтқан. 1950 жылдардың соңында мұнда өрт болып, өнер ордасы қайта салынды.

6 / 10

Әзірбайжан Мәмбетов көшесінде орналасқан тағы бір тарихи ғимаратты қазақстандық шоколадқа, жалпы кондитерлік іске арналған ескерткіш деп санауға болады. Мұнда бір кездері көпес Баймұхамбет Қосшығұловтың қолдауымен ашылған мұсылман жастарының мектебі болды. Бүгінде ғимарат қайта тұрғызылған. Ақмолалық көпес Баймұхамбет Қосшығұлов Қазақстандағы кондитерлік істің негізін қалаушы ретінде тарихта қалды. Көптеген көпестер бал, шығыс тәттілері мен нан-тоқаш өнімдерін өндірумен айналысқанымен, Қосшығұлов бірінші болып қазақтардың рационына сол кезде экзотикалық саналған шоколадты енгізді.

7 / 10

Астананың ең көне ғимараты атағына екі нысан үміткер болып отыр. Біріншісі – Константино-Еленин храмы. Ол 1854 жылы Ақмола қала мәртебесін алған кезде салынған. Бірде казармаға, бірде өлкетану музейіне айналды. Ал кейін тіптен жабылып қалды. 1942 жылы ғибадатхана діни қауым өкілдеріне қайтарылды.

8 / 10

Астананың ескі орталығында тарихи ескерткіштердің қатарына кіретін "егіз үйшік" бар. Екі түрлі кезеңде тұрғызылғанымен бұл үйлер бір-біріне қатты ұқсайды. Оның бірі – Сәкен Сейфуллиннің мұражай үйі елорданың ең көне ғимараттарының бірі саналады. Ол 1846 жылы көпестер кеңсесі болып тұрғызылған.

9 / 10

Ал 1920-1930 жылдары бұл жерде қазақтың әйгілі ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин жұмыс істеген. Негізі Сәкен Сейфуллин Ақмолада түрлі салада қызмет еткен. Мемлекет және қоғам қайраткері, педагог, сондай-ақ театр режиссері болды. Ал дәл осы ғимаратта ақын шенеуніктің қызметін атқарды. Қазір мұражай үйде қайраткердің жеке кабинеті бар, тұрмыстық заттары қойылған. Оларды мұражайға ақынның ұрпақтары мен туыстары табыс етті.

10 / 10

Ал осы ғимараттың "егізі" – Фёдор Благовещенскийдің үйі XIX ғасырдың соңында ғана тұрғызылған. Негізі бұларды сол заманның орта санаттағы қарапайым үйлеріне жатқызуға болады. Қанша дегенмен, ағаш үйлердің дәрежесі тастан тұрғызылған көпестердің баспаналарынан төмен саналатын.

Жалпы, көне Ақмоланың архитектуралық мұраларын толық зерттеуге көп уақыт керек. Бұдан бөлек, ескі метеостанция, Мариин гимназиясы сынды нысандар сақталған.
Астана қонақтарына сол жағалаудағы сәулетті ғимараттарға тамсанып қана қоймай, ескі қаланың тарихина бойлап қайтуға да болады.