Адвокат Асанованы күйеуі өлтірген болуы мүмкін – күдіктіге іздеу жарияланды

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 қазан – Sputnik. Танымал адвокат Айман Асанованы өлтірді деген күдікпен оның бұрынғы күйеуіне іздеу жарияланды, деп хабарлады Polisia.kz телеграм каналы.
"Алматы қалалық полиция департаменті осы аса ауыр қылмысты жасады деген күдікпен марқұм әйелдің бұрынғы жұбайы - 1974 жылы туған Н. есімді азамат іздеуде екендігін растайды", - деп мәлімдеді ведомство.
Бұрын хабарланғандай, аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Арнайы тергеу-жедел тобы құрылды. Тергеу барысы ішкі істер министрлігі мен Алматы қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, Алматының Алмалы ауданында танымал заңгерді пышақтап кетті. Ол алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.
Ресми мәліметке сәйкес, 8 қазан күні сағат 23.00 шамасында 1980 жылы туған Айман Асанова көптеген пышақ жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Ол 12 қазанға қараған түні қайтыс болды.
Айман Асанова заңгерлік қаржы компаниясының бас директоры болған.
Алматыда танымал заңгерді пышақтап кетті