Вьетнамдық лоукостер Қазақстанға әуе рейстерін іске қосады

Sputnik
АСТАНА, 13 қазан– Sputnik. Қазақстанмен Вьетнам арасында тікелей рейс ашылады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Вьетнамдық VietJet Air авиакомпаниясы 2022 жылдың 25 қазанынан бастап Алматы - Нха Транг бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастайды. Рейстер аптасына 2 рейс жиілігімен (сәрсенбі, сенбі) А-330 типті әуе кемелерімен орындалады.
Сонымен қатар Vietjet Air 2022 жылдың 25 желтоқсанынан бастап Астана – Нха Транг бағыты бойынша ұшуды жоспарлап отыр. Рейстер А-330 типті әуе кемелерімен аптасына 2 рейс жиілігімен (дүйсенбі, бейсенбі) орындалады.
VietJet Air - 2007 жылы құрылған вьетнамдық төмен бюджеттік авиакомпания. 100-ге жуық Айрбас А-320, А-321 және А-330 типті әуе кемелерін пайдаланады. Авиакомпанияның штаб пәтері Хошимин қаласында (Вьетнам) орналасқан. 52 ішкі және 52 халықаралық бағыттар бойынша рейстерді орындайды.