Полицейлер бір күнде халықаралық іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады

Sputnik
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Бүгін Астана мен Алматы әуежайларында халықаралық іздеуде жүрген екі шетелдік ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан көлік полициясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары шекара қызметімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Сол кезде "Тбилиси-Астана" әуе рейсімен ұшып келген 42 жастағы Грузия азаматы ұсталды.
"Ол 2021 жылдың қыркүйегінде Ресей Федерациясының Иркутск аудандық сотының қаулысымен Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 264-бабының 5-бөлігі, яғни екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы мен көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуге жарияланған болатын", - дейді полицейлер.
Алматыда халықаралық іздеуде жүрген тағы бір қылмыскер қолға түсті. Ол "Алматы-Мәскеу" бағытындағы әуе рейсіне тіркелу кезінде ұсталды. Өзбекстан Республикасының ішкі істер министрлігі оған Қылмыстық кодексінің 168-бабының 1-бөлігі, яғни алаяқтық бойынша қылмыс жасағаны үшін халықаралық іздеуген жарияған.
Қазіргі кезде ұсталған азаматтар уақытша ұстау изоляторына қамалды.