Көк базардың сатушылары жалға алу құнын екі есеге өсіруге наразылық білдірді

Sputnik
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Алматыдағы көк базар сатушылары "басшылық әбден басынды" деп шу шығарды. Айтуларынша, базар әкімшілігі жалға алу құнын алдағы айдан бастап екі есеге өсірмек. Саудагерлер бұған келісіп отырған жоқ.
Барлығының талабы – бұрынғы бағаны қалдыру. Алайда оларды тыңдар құлақ табылмады, деп хабарлады КТК.
Аядай жерге айына 63 мың теңге төлеген Сәуле Пірматова енді жалға алу бағасын екі есеге көтергенін естіп ұнжырғасы түсті. Қазақы төсеніш, бұйымдар мен киімі тез өтпесе де, бұйыртқанына шүкіршілік етіп келген. Енді не істерін білмей әлек. Сәуле секілді бағаны негізсіз көтерген басшылыққа базынасын айту үшін басқа саудагерлер де жиналды.
"1994 жылдан бері осы жерде сауда істейміз. Бірінші рет осындай болып жатыр. 78 400 жалға төлейміз, салық, медсақтандыру төлейміз. Әлеуметтік салық төлейміз, сонымен бәрі 100 мың теңгеден асып кетеді. Ал қазір менің жалға алғаным 180 мың болады, оны қалай шығарып беремін?", - дейді саудагер Тамара Қалибаева.
Көк базардың өзі екі бөліктен тұрады. Бергі жағында – жеміс-жидек, көкөніс. Арғы жағындағы жаңа павильонға киім-кешек саудалайтындар шоғырланған. Бүгін жараның бетін тайсалмай ашқан – екіншілері. Әдетте абыр-сабыр болып жататын базар ішінде өлі тыныштық. Мұнда келіп жатқан, заттарды көріп жатқан адам жоқтың қасы. Енді жалға алу құнын екі есеге қымбаттатса, онда пайда емес, қып-қызыл шығынға батамыз дейді сатушылар.
Мәселенің мән-жайын түсіндірер деген базар әкімшілігі басында сырттай бақылаумен тұрған. Тіпті кейбіріне жақындап әңгімеге тартты. Тек камераны көре сала, "басқасы сөйлейді" деп, жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты.
"Бізде жалға алуға жауап беретін аға әкімші бар, сол кісіден сұраңыз", - деген базар әкімшілігі сол кеткеннен, мол кетті.
Екінші қабаттағы кеңсесіне көтерілгенде есікті іштен тарс жауып алған. Есік қаққанды естімегендер терезеден тарағанша сығалап тұрды. Ал шағымына жауап алмаған саудагерлер мұндай бассыздыққа жол бермеу үшін атақты көк базарды баяғыдай мемлекет өз балансына алсын дейді.
"Мына жекеменшік иелерінен жалықтық, бәрін мемлекет өз қолына алсын. Біз бағаның көтерілуіне қарсымыз!", - дейді олар.