АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары саммиті елдеріндегі экология проблемаларына арналған конференция өткізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Экологиялық өлшемнің маңызы арта түсті. Климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келеді. 2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін", - деді Тоқаев елордада өтіп жатқан АӨСШК алтыншы саммитінде.
Мемлекет басшысы таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратқанын еске салды.
"Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін", - деп атап өтті президент.
Ол Азия үшін экономиканы көміртексіздендіру мәселесі аса өзекті екенін атап өтті. Осы міндетті шешу үшін бұрын болмаған көлемде инвестиция қажет.
Осы орайда президент бір айдан кейін Египетте COP27 климат жөніндегі конференция өтетінін мәлімдеді.
"Сондай-ақ 2024 жылы Астанада АӨСШК елдеріндегі экология проблемалары бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынамын. Аталған конференцияның нәтижесі АӨСШК-нің экология саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесінің құрылуына негіз болуы мүмкін", - деді Тоқаев.