Ердоған Ресей-Украина қақтығысы жайлы: мақсатымыз – қантөгісті тезірек тоқтату

Sputnik
АСТАНА, 13 қазан – Sputnik. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Ресей мен Украина арасындағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз бәріміз өңірлік және жаһандық ауқымда Украинадағы дағдарыстың салдарын сезініп жатырмыз. Мен үнемі "әділ әлемге тек дипломатияның көмегімен қол жеткізуге болатынын" айтып жүремін. Соғыста жеңімпаз, ал әділ әлемде жеңілген жақ болмайды", - деді Ердоған Астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммитінде.
Ол соғыстың теріс әсерін жою бойынша БҰҰ мен тараптардың бірлескен күш-жігері бүкіл әлемнің қолдауына ие болғанын атап өтті.
"Украина астығын Қара теңіз арқылы экспорттау бойынша Стамбұл келісімі және өткен айда тұтқындарды алмасу – осы бағыттағы әжептәуір жетістік. Біздің мақсат – қиындықтарға қарамастан осы қарқынды сақтау және қантөгісті тезірек тоқтату", - деді Ердоған.