АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Қазақстан Қатармен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Тоқаев Қатар әмірімен шағын құрамдағы кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелер туралы пікір алмасқанын айтты. Президент жиын өте нәтижелі өткенін атап өтті.
"Құрметті шейх Тәмим, сіздің бүгінгі сапарыңыз осы байланыстарды одан әрі өркендетуге тың серпін береді деп сенемін. Біз Қатарды Таяу Шығыста ғана емес, әлемдік деңгейде маңызды рөл атқаратын мемлекет әрі халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесі деп санаймыз. Қатар өмірдегі қоғамдық келісім мен бейбітшілікті, өркениеттер мен діндер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға зор үлес қосып отыр. Біз сіздердің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бастамаларыңызды жоғары бағалаймыз", - деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы келесі жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын еске салды.
"Бұл ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы әл-Фараби мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы осының айқын көрінісі", - деді ол.
Сондай-ақ, айтуынша, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды.
"Біз Қатар мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Шын жүрегімізден алғыс айтамыз. Болашақта да қазақ-қатар қарым-қатынасын әрі қарай дамытуға дайынбыз", - деді Тоқаев.
Айта кетері, 11 қазанда Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни Астанаға мемлекеттік сапармен келді. Бүгін президент Ақордада оны салтанатты түрде қарсы алды.