АСТАНА, 12 қазан – Sputnik. Мәжіліс депутаттары майнинг пен криптобиржаларға қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, заңмен майнерлерге лицензия беру тәртібі енгізіледі. Олар Қазақстанда ресми түрде тіркелуге міндетті болады.
"Бұл дегеніміз, майнерлер заңды тұлға ретінде тіркеліп, салық салынатын субъектіге айналады. Майнинг-пулдар да экономиканың бір бөлігі болады", - деді Смышляева мәжілістің жалпы отырысында.
Лицензияны цифрлық даму министрлігі береді деген жоспар бар. Ал криптобиржалар Халықаралық қаржы орталығында орналасады. Бірақ Қазақстанда криптовалютамен төлем жасауға тыйым салынған. Криптобиржалар қаржы орталығының аясында ғана жұмыс істейді. Ал майнерлер табыстың 75 процентін отандық криптобиржаларда айырбастауға міндеттеледі. Бұл талап 2024 жылдан бастап енгізіледі.
Қолданыстағы салықтан бөлек майнерлердің сыйақысына қосарланған құн салығы, майнинг пулдың табыс салығы, сондай-ақ криптобиржадағы операциялар үшін төлем алынады.
Бейресми мәліметке сәйкес, халықаралық криптобиржаларда бір миллионнан астам Қазақстан азаматы тіркелген. Барлығы криптовалютаны саудалайды. Оны сұр схемалар арқылы айырбастау фактілері де жоқ емес.
"Криптовалютамен жасалатын операциялардың барлығы дерлік көлеңкеде қалып отыр. Ал соның бәрін қазақстандық биржаларға ауыстырудың нәтижесінде айырбастау операцияларының ашықтығын қамтамасыз етеміз", - деп атап өтті Смышляева.
Заң бойынша криптобиржалар мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияланады. Майнингке қажетті құрал-жабдықтардың реестрі де енгізіледі. Соның арқасында заңсыз дата-орталықтарды барынша азайтуға болады.
Мәжіліс депутаты цифрлық майнинг пен цифрлық активтер бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат екінші оқылымда тағы қаралады.