АЛМАТЫ, 11 қазан – Sputnik. Алматы облысы Қарасай ауданы Әйтей ауылының 70 жастағы тұрғыны Айымгүл Ережепқызы таксист болып жұмыс істейді. Қарияның көлік тізгіндегеніне биыл 10 жыл болды. Өмірі талай жанға үлгі болар Айымгүл апамен Sputnik Қазақстан тілшісі әңгімелесті.
Айымгүл Ережепқызы Қарақалпақ жерінде мектепке дейінгі мекемеде білім беретін мамандықты бітірген. 1997 жылы Қазақстанға келген соң өз мамандығы бойынша еңбек ете алмай, нәпақасын әртүрлі жұмыс істеп табады.
"Сол уақыттан бастап мен істемеген жұмыс қалмады. Өз мамандығым бойынша жұмыс таппадым. Сосын жеміс-жидек саттым. Пойыздарда жүріп тамақ саттым. Ең аяғы суға дейін саттым. Атырау, Ақтөбеден келген жолаушылар суды көп сатып алады. Мына Түлкібастың суы өте дәмді. Сонда бір жарым литр суды "баклашкаға" құйып алып, 10 теңгеден сатамын. Жолаушылар 10 бөтелкеден сатып алады. Сөйтіп күн көрдік. Үкіметке қол жаймадым. Қол жайғанмен жұмыс болған жоқ, оған өкпелеудің еш қажеті жоқ", - дейді ол.
2006 жылы Түркістаннан Алматыға қоныс аударған кезде де Айымгүл апа өз мамандығы бойынша жұмыс таппайды. Тиындап жинап, 30 жыл жүрілген ескілеу көлік сатып алады. Айымгүл Ережепқызы бала күнінде әкесінің тракторын оталдырғаны болмаса, жалпы көлік тізгіндеп көрген жан емес.
70 жастағы таксист әжей Айымгүл Ережепқызы
© Sputnik / Айдана Дайырова
"Әкем тракторшы еді. Шаруа қожалықтарының керек-жарағын таситын. Сонымен нәпақасын тапқан қарапайым шаруа адамы. Сол әкем жұмысқа барарда тракторын оталдырып қоямын. Негізі өзім тракторшы болғым келді. Әкеме айтып едім ол ұсынысымды қолдамады. "Тракторшының ақшасы болмайды, елдің рахметіне бергенін алып жүресің. Ертең отбасың болады, үйге қарайсың ба, әлде трактормен ел кезіп жүресің бе? Қой" деп көнбеді. Одан басқа көлік тізгініне өмірі отырып көрмеппін", - дейді зейнеткер.
Сөйтіп Айымгүл апа механика көлігін мініп, жолаушы таси бастайды.
"Қиындығы болды. Бірақ табандап, бар күш-жігерімді салып жүргіздім көлікті. Қолымда ол кезде екі келінім бар. Ана ұлдарым келіндеріме жұмыс істеуге рұқсат бермейді. "Жұмыс істемеңіз, отырыңыз үйде, біз бағамыз" деп маған да ренжиді. Көнбедім. Бір үйде 3-4 әйел бір-бірімізге қарап отырғанша кәсіп қылайын деп шештім. Сөйтіп жүріп механика көлігімді сатып, автоматпен жүретін көлік алдым. Ақшамды жинап, балаларым да көмектесті. Ол да "Опел" маркалы көлік еді. Ол көлігім газбен де, бензинмен де жүре беретін. Рахат еді. Оны сатып 800 мыңға Mitsubishi Lancer деген көлікті сатып алдым", - деп әңгімеледі қария.
Айымгүл апаның таксист болғанына биыл 10 жыл, осы жылдар ішінде жол ережесін бұзып, келеңсіздікке кез болмаған. Он жыл бұрын жолаушылар такси дегенді керек ете қоймайтын, ал қазір көлігі бардың дәуірі жүрген заман.
"Алғашқы жылдары адамдар таксиге отырмайтын. Көлігімді тоқтатып қойып, күн ұзаққа күтіп отырамын. Бұрынғы жолаушы не айтса да "прав" еді. 50 теңге берсе де ала береміз, 10 теңге берсе де ала беретінбіз. Сол аз ақшаның өзін бергісі келмей, тегін жеткісі келетіндер өте көп болған. Ал қазір адамдар сауатты, тегін дүниенің жоқ екенін біледі. 10 жыл бұрын күніне 1000 теңге тапсам қуанатынмын. Бірақ ондай ақша оңайлықпен табылмайтын. Ал қазір күніне 3000-4000 теңге табамын. Өзіме жетеді. Күнделікті шәй-тұзымды сатып аламын. Одан артық маған не керек? Зейнетақым бар. Аллаға шүкір жетеді", - дейді ол.
70 жастағы таксист әжей Айымгүл Ережепқызы
© Sputnik / Айдана Дайырова
Айымгүл апа қолы қалт етсе болды белі бүгілместен еңбек етеді. Үйдің тірлігін келінге итеріп тастап отыратын ене емес. Бау-бақшаның жұмысын өзі атқарады. Айтпақшы, Айымгүл апа сыпыртқы егіп, оны байлап, елге арзан бағада сатады. Айтуынша, бұл жұмысты ешкімге сеніп тапсыра алмайды. Сапасыз жасайды деп балаларын да жолатпайтын көрінеді. Сондай қарулы, жүректі, адуынды ананы қажытқан бір оқиға болыпты.
"Үйде бір ұлым ащы суды жақсы көрді. Жұмыс істемейді. Ақша таппайды. Тапса жора-жолдастарына шашады. Шаршатты. Сол кезде қатты өкпелеп, бүкіл киімімді машинама тиеп алып, бетім ауған жаққа кетіп қалдым. Содан артымнан барлық балам жиналып, іздеп шығады. Сол оқиғадан кейін мені ренжіткен ұлым ащы суды аузына татып алмайтын болды", - дейді әжей.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда некесін бір жыл болмай бұзып, шаңырағын шайқалтып жататын отбасы көп. Ащы да болса, шындық осы. Бұл адамды елең еткізбейтін, үйреншікті қалыпқа айналып, етіміз де үйренген. Жастарды қойып, орта жасты алқымдаған, тіпті мосқал жасқа келген ерлі-зайыптылар арасында да ажырасу деңгейі артып барады. Бұған бір дәлел Шығыс Қазақстанда 82 жастағы қария некесін бұзу туралы сотқа шағым беріпті. Аталған проблема туралы Айымгүл апайдың пікірін тыңдадық.
"Әйел мықты болмай ешқашан отбасы жақсы болмайды. "Еркек" сөзінің атында тұр. "Ер" - ол ер деген сөз. "Кек" - олар кекшіл болады. Сол себепті отбасындағы әйел ақылды, сабырлы, шыдамды болу керек. "Әйел" деген сөздің де мағынасы терең. Әй, сен ел боласың деп тұр ғой. Сол себепті қыздарым, келіндерім, сендер шыдамды болыңдар. Сендер жақсы болсаңдар бәрі жақсы болады", - дейді кейуана.
Біз әңгімелесіп отырғанда көлік күткен жолаушылар қарасы да көбейіп қалды. Апаның жұмысына кедергі болмайық, жолаушыны да жолдан қалдырмайық деп қариямен қош айтыстық.
Қарт ана 70 жасына балалары сыйлаған су жаңа көлігіне ауылдастарын салып алып, жүйтки берді. Темір тұлпарыңыздың тұяғы мұқалмасын, Айымүл апа. Сіздей аналар көп болса, қазақтың алар асуы әлі алда.
70 жастағы таксист әжей Айымгүл Ережепқызы
© Sputnik / Айдана Дайырова