АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Қызылорда облысында субсидия ұрлаған лауаызмыды тұлғалар сотталды. Оларға кәсіпкерлер де көмектескен, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу материалдарына сәйкес, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы мен бас маманы инвестициялық субсидияны ірі көлемде қаражатын талан-таражға салған. Мемлекеттік қызметшілер алдымен бірнеше шаруа қожалықтарында жабдықтарды орнату туралы жалған құжат жасап, барлық мәліметті "Qoldau.kz" ақпараттық жүйесіне енгізген.
Одан кейін субсидия беру туралы өтінімге электронды қол қойған. Бюджет қаржысы жайылымда құдықтарды орнатуға арналды. Ал, шын мәнінде, муляж жасалған. Су сорғылары істемей тұрды. Осылайша, ел бюджетінен 25 миллион теңге ұрланды.
Шаруа қожалықтарының иелері болса, келісімшарт сомасының 10% көлемінде сыйақы алып, басқарма мамандарына бюджет қаржысын жымқыруға көмектескен. Осылайша, Сот шешімімен бөлім басшысы мен бас маманы кінәлі деп танылды.
Екеуі де мемлекеттік ұйымдарда материалдық немесе қаржы аударымына негіз болатын құжаттарға қол қою құқығы жүктелетін лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығын шектеуге жазаланды. Мемлекетке келген шығын толығымен өтелді.