АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ті құрады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Осы жылы қаңтар-қырқүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 3,1%, ал қызмет көрсету саласында – 1,9%. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, көлік және қоймалау, өңдеу өнеркәсібі, сауда, және тау-кен өндіру өнеркәсібі салаларында тіркелді", - деді Қуантыров үкімет отырысында.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 7%-ке дейін жеделдегені байқалады.
Биыл қаңтар-тамызда сыртқы сауда тауар айналымы 36,3%-ке өсіп, 86,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 50,6%-ке өсіп, 56 млрд долларға дейін жетті.
Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 36,5%-ке ұлғайып, 16,6 млрд долларды құрады. Тауарлар импорты 30 млрд доллар болды. Жалпы, оң сауда балансы – 26,4 млрд доллар.