Астанада жас жігіт бөтеннің көлігімен адам тасып ақша тапқан

Sputnik
АСТАНА, 11 қазан – Sputnik. Астанада 19 жастағы жігіт техникалық қызмет көрсету орталығынан көлік ұрлап, заңсыз адам тасымалымен айналысқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық полиция депаратментіне сілтеме жасап.
Сарыарқа аудандық полиция бөліміне Сүйінбай ақын көшесіндегі техникалық қызмет көрсету станциясынан көліктің ұрланғаны туралы хабар түсті. Жедел іздестіру шаралары кезінде қаланың 19 жастағы тұрғыны ұсталды.
Жас жігіт техникалық қызмет көрсету орталығында әкесімен бірге жұмыс істейді. Жақында бір кісі Suzuki Vitara көлігін жөндеуге қалдырып кеткен. Күдікті оны ұрлап кетті. Оған қоса, Астана - Қоянды бағыты бойынша адам тасып, заңсыз табыс тапқан.
"Криминалдық полиция қызметкерлері көлікті ауыл көшелерінің бірінен мемлекеттік нөмірінсіз тапты. Жас жігіт өз кінәсін мойындап отыр", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 200-бабы, 1-бөлігі (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.
Осы қылмыс үшін 1 000 айлық есептiк көрсеткiшке (3 180 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл не сол мөлшерде түзеу жұмыстары немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.