Мәдениет

"Тоқтамай жыладым": "Шам" театрының алғашқы қойылымынан көрермен не түйді?

Sputnik
АЛМАТЫ, 10 қазан – Sputnik. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанынан "Шам" театры ашылды. Жас театрдың кірпішін қазақстандық танымал режиссер Фархат Молдағали мен актерлер Асан Мәжит және Еркебұлан Дайыров қалады.
Жаңа театрдың "37" деп аталатын алғашқы қойылымы көрерменге жол тартып үлгерді. "Шам" театры шымылдығын қандай жаңашылдықпен ашты? "37" қойылымынан көрермен қандай ой түйді? Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
"Шам" деп айдар таққан жас театрдың мақсаты - қараңғыға жарық беріп, қоғамның проблемасына көрерменнің көзін жеткізу. Жас театрдың алғашқы "37" спектаклі дәл осыны көздейді.
Ланкестікке тап болған отбасындағы екінші ұл Расул дәл жанында болған жарылыстан аман қалып, кездесе кеткен таксиге міне салып, беті ауған жаққа қашады. 3-4 сағатта есін жиған ол Балқаш қаласында екенін бір-ақ біледі. Расул қайтып туған үйіне ат ізін салмайды. Спектакль шымылдығы түрілгеннен-ақ оқиға осылай басталады.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Ауыр атмосфера, күңгірт түс, жылаған ана, күйзелген әке, сайып келгенде берекесі кеткен отбасы, сұрқай тірлік, сұрықсыз өмір көрерменді бірден тереңге батырып әкетеді. Араға 15 жыл салып үйіне оралған Расул отбасындағыларды әбігерге салады. Расул жарылғыш заттан опат болды дегенді естіген анасы арбаға таңылады.
"Спектакль басталғаннан біткенше жылаймын. Өйткені баласын жоғалтқан ананың рөлін сомдаймын. Сондай жан дүнием тазарып, жүрегімдегі, көңілімдегі лас дүниенің бәрі тазарып, жеңілдеп қаламын. Өйткені рөлді жан-дүниеммен беріліп ойнаймын. 15 жыл баласын күткен ананың образына шынайы кіріп кетемін", - дейді актриса Тынышгүл Сұлтанбердиева.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Расулдың сүйген қызының аяғы ауыр қалады. Сүйіктісінен айрылған жас қыз жігіттің ағасы Әнуарға тұрмысқа шығады. Әйелін қызғанған Әнуар 15 жылдан соң оралған інісіне аса қуана қоймайды.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Қоғамның құрметті азаматы, елге сыйлы, өнегелі отбасының отағасы болған Расулдың әкесін де мазалайтын ой көп. Самай шашы бурыл тартқан ақсақалды мазалайтын ой - "мен кіммін, не бітірдім, мәнді өмір сүрдім бе?".
"Көп нәрсеге елең ете қоймайтын көрермен көз жасына ерік береді. Бұл қойылымнан ер адам да жылап шығады. Аядай бір отбасындағы проблема, бірақ қоғамның проблемасы. Жеке өз басым осы театрға шақырғанда қатты қуандым, ал әкенің рөлін қаншалықты сомдай алдым, оның бағасын көрермен берер", - дейді Сағызбай Қарабалин.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Аядай отбасындағы ауқымды проблема. Мемлекет отбасынан құралатынын ескерсек, "37" спектаклі бүкіл қоғамның дертті екенін, ол дерттің еш жазылмайтынын, жазуға ешкімнің құлықсыз екенін ашық көрсеткен қойылым болды. Ананы ауру қылған бала, баланы тыңдауға құлықсыз әке, соқыр қызғанышқа бой алдырып, бауырын бауырына баса алмаған аға, сүйіктісіне қосылып, баласын иіскей алмаған Расул. "37" қойылымы бірін-бірі естуден қалған, естуге ниет танытпаған адам арқылы кереңге айналған қоғамды суреттейді.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Ал "37" аталуының себебі 15 жыл өлдіге саналған жас жігіттің есімі жарылыстан қаза тапқандардың ішінде 37-ші болып тіркеліпті. Расул 15 жыл қайда болды, неге расымен отбасынан оралмады, неге ол анасын ойламады? Жас жігіт жарылыста өзін аман алып, денесімен жауып қалған азаматтың Балқаштағы ата-анасына барып, соларға бала болады. Спектакль Расулдың өзін ешкім естімейтін отбасынан түбегейлі кетуімен аяқталады.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
"Біз алғашында кино түсірсек деп ойладық. Бірақ театр қашан да биікте гой. Атын да ырымдап "Шам" деп қойдық. Мақсатымыз - қараңғылық басқан көңілге, өмірге шам болып жану. Бұл біздің қарлығаштың қанатымен су сепкендей ғана еңбегіміз. Мейлі бір адамға, мейлі он адамға жақсы ой салсақ, соның өзі біз үшін мәртебе. Өйткені он адам бар жерде 1000 адам бар. Алла жазса қазақ мәдениеті ғана емес, қазақ халқына еңбек етіп өтеміз", - дейді театрдың негізін қалаушы танымал актер Асан Мәжит.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Бірден ел аузына іліккен "Шам" театрына көрерменнің де ілтипаты ерекше.
"Сондай ауыр, сондай мағыналы. Өне бойым, жүрегім шымырлап, көзімнен жас тоқтамады. Расымен біз бір-бірімізді естуден, тыңдаудан қалдық", - дейді Алматы қаласының тұрғыны Кәусар Байтұрған.
"Шам" театрының "37" деп аталатын алғашқы қойылымы
Тағы бір көрермен Ернұр Жұматаев:
"Үнемі күйзелісте жүреміз. Бір серпіліп, қуанып жүретін кезіміз өте сирек. Спектакльде отырып, ер адам болсам да жылап қалдым. Расымен біз қайда барамыз, қайда беталып барамыз? Жасым қырықтан асып, өмірді көрдім десем де, мен өзіме спектакльден сабақ алдым. Тәлім алдым. Ризамын актерлерге", - дейді.