Қостанай облысындағы өрт: зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы аяқталып қалды

Sputnik
АСТАНА, 10 қазан – Sputnik. Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында Әулиекөл ауданында өрттен зардап шеккендерге арналған үйлердің құрылысы аяқталып қалғанын айтты.
"Әулиекөл ауданында рекордтық қысқа мерзімде тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуда.
Жақын арада тұрғындарды қоныстандыру басталады. Көріп отырғандарыңыздай, фотосуреттерде бір айдағы үлкен өзгерістерді байқауға болады", - деп жазды ол.
Естеріңізге сала кетейік, Қостанай облысында ірі табиғи өрт 2-10 қыркүйек аралығында болды. Жалын 43 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Салдарынан екі елді мекендегі 91 үй зақымданды.
Үкімет әкімдік пен мердігерлердің алдында құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде – 2 айда сапалы аяқтау міндетін қойған болатын. Бұл мәселе мемлекет басшысы мен үкіметтің ерекше бақылауында.