АҚШ конгресіне аралық сайлау: Байденді сынға алғандар саны артты

Sputnik
Шикізат өндірісін қысқарту туралы келісім Вашингтонға қатты әсер етті. Үш аптадан кейін АҚШ-та конгреске маңызды аралық сайлау өтеді. Жақында ғана социологиялық сауалнамаларда қайта ұпай жинап үлгерген қазіргі президент қайтадан кейінгі орынға ығысып қалды, деп жазды РИА Новости.
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан мен АҚШ Ұлттық экономикалық кеңесінің директоры Брайан Диз америкалық президент Джо Байденнің ОПЕК+ шешіміне көңілі толмағанын айтты. Президенттің өзі бұл туралы айтудан аулақ болуға тырысқанмен, журналистің сұрағына жауап беру кезінде осы ойды жеткізуне тура келді. Жалпы Байденнің алаңдауға себебі де жеткілікті.
Ақ үйдегі бірнеше дереккөз ақпаратына сәйкес, Байден әкімшілігі Таяу Шығыстағы одақтастарды шикізат өндірісін күрт қысқартудан айныту үшін жазда және күздің басында толыққанды үгіт-насихат науқанын жүргізген. Америкалық экономистер бұл бағыттағы жұмыс ішінара ақталып жатқанын айтты: АҚШ-тағы бензин бағасы қатарынан жүз күнге жуық уақыт бойы төмендеді.
Бірақ ОПЕК+ шешімінен кейін барлық нәтиже жоққа шығарылды. Экономикалық сарапшылар жанар-жағармай бағасы өседі деп болжайды, ал саясаттанушылар Байден мен Демократиялық партияның жақын арада сәтсіздікке тап болатынын айтты.
CNN телеарнасы хабарлағандай, мұнай өндірісін қысқарту конгреске аралық сайлауға бір ай ғана уақыт қалған кезде жария болуы демократтар үшін жағымсыз болып отыр. Республикашыл БАҚ пен аналитиктер ОПЕК+ шешімін Байденді сынау үшін сәтті пайдаланып жатыр. Мысалы, Fox News телеарнасының шолушысы Жанин Пирро Эр-Риядтың америкалық президенттің үгіт-насихатына көнбеуі Джо Байденді ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырғанын айтты. Алайда саудиттер Ресеймен бірден ортақ мәмілеге келді.
Республикашыл сенатор Стивен Скэлис елдегі энергетикалық дағдарысқа Байденді кінәлады. Ал консервативтік саяси шолушы Джесси Уотерс қарашадағы сайлауда Сенатта республикашылдар басым түсетінін, өйткені демократтар ішкі және сыртқы істердегі мәселелерді шеше алмай отырғанын айтты.
Бұл оқиға конгрес орындықтарына үміткер демократтарды да алаңдатады. Олар жаздың аяғына қарай денсаулық сақтау саласындағы ауқымды реформадан ұпай жинаған президентке оң көзқарас танытып, оны түрлі жиындарға белсенді шақыра бастады. Ал қазір Байденнің рейтингі қайтадан түсіп жатыр. Демократтар ел президенті Таяу Шығыстағы басты одақтасы – Сауд Арабиясынан айырылып қана қоймай, оның Ресеймен байланысын арттыруға себепші болғанын мәлімдеді.
The New York Times басылымы былай деп жазды: "Ақ үй жаз бойы саудиттерге өндіріс деңгейін төмендетпей, керісінше, арттыруы үшін ықпал етуге тырысты. Алайда, анығында бұл мүмкін емес еді. Себебі, Эр-Риядтың Вашингтонға қарсы кем дегенде үш шағымы бар. Ал Ақ үй бұл мәселелерді шешуге асығар емес.
"Біріншіден, Сауд Арабиясы Корольдігі төрт жыл бұрын журналист Джамал Хашоггидің қастандықпен өлтірілуіне ханзада Мұхаммед бен Салманның қатысы бар деген америкалықтардың мәлімдесіне наразы. Екіншіден, Эр-Рияд АҚШ-тың Йемендегі хуситтерге қолдау көрсетуін құптамайды. Хуситтер қазір Корольдікке айтарлықтай зиян келтірмегенімен, бұрын олар Сауд Арабиясына, соның ішінде маңызды мұнай инфрақұрылымына айтарлықтай соққы жасаған. Үшіншіден, Иран факторы бар. Байден президент болған шақтан бері Тегеранмен "ядролық келісім" деп аталатын жалпы қамтитын кешенді іс-қимыл жоспарын қайта бастауды қолдады", - деп жазды мақала авторы.
Мақалада көрсетілгендей, егер аталған келісімге қол қойылса, Иран санкциялардан босатылып, ауқымды көлемде мұнай шығара алады. Нарықтағы басқа тараптарға бұл қажет емес.
Сарапшылар Сауд Арабиясының өндірісті қысқартуына тек қана шикізат құны себеп емес екенін айтты. Эр-Рияд ерте ме, кеш пе, Иран нарыққа оралған кезде бәсекелестікке жарамды резервке ие болу үшін қоймада мұнай қорын арттыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ шағын себептер де жетерлік. Мысалы, АҚШ коронавирус пандемиясы кезінде корольдікке қажетті вакцинаны жоламады. Эр-Рияд мұны шуға айналдырмағанмен, елде осыған қатысты наразылық білдірген болды. Сонымен қатар, Байден Сауд Арабиясының шағын көлемде қару сатуын мақұлдады. Алайда бұл уәдені орныдамай, Украина мен НАТО-дағы еуропалық одақтастарға әскери көмек көрсетуге басымдық берді.
Хьюстон университетінің Экономика факультетінің энергетика жөніндегі сарапшысы Эд Хирс ОПЕК+ шешімінің әсері соншалық ауыр болмауы мүмкін деп санайды. Ол бірнеше картель өндірушісі қазірдің өзінде мұнайды өз квоталарынан аз өндіріп жатқанын, сондықтан өндіріс шын мәнінде жарияланған екі миллионға емес, тәулігіне 900 000 баррельге азаятынын айтты.
ОПЕК+ келісімінің теріс әсерін АҚШ-тың Венесуэламен келіссөздері де бейтараптандыра алады. Санкцияларды жеңілдетудің орнына Боливар Республикасы америкалықтарға мұнай жеткізілімдерінің бір бөлігін өтеуге келісуі ықтимал.
Сауд Арабиясының Ресейге бет бұруы АҚШ-тың Иранмен жұмысты күшейтуіне әкелуі мүмкін. Мұның алғашқы белгілері қазірдің өзінде байқалады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ирандық активтеріндегі бұғаттауларды алып тастау бойынша бейресми келіссөз басталды. Егер осыдан кейін Ислам Республикасынан экспорттық шектеулер алынып тасталса, ол әлемдік нарыққа күніне кемінде бір миллион баррель мұнай жеткізе алады.
"Үшінші нұсқа – АҚШ-тың стратегиялық қорларындағы мұнай қорын одан әрі босату. Бірақ бұл төтенше шара бұған дейін қолданылды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша, америкалық стратегиялық қор 434 миллион баррельге дейін азайды. Бұл 1984 жылдың қазанынан бергі ең төменгі көрсеткіш", - деп жазылған мақалада.
ОПЕК+ келісіміне дейін-ақ демократ-конгрессмендер Байденді резервтік жеткізілімдерді жалғастыруға шақырды. Ал республикашылар қарсы тарапты ұлттық қазынаны ысырап етті деп айыптады. Сондықтан АҚШ әкімшілігі тиісті мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. "Біз стратегиялық мұнай қорынан президент жариялаған 180 миллион баррельден артық көлемде мұнай шығаруды қарастырмаймыз", - деді Ақ үйдің ресми өкілі Карин Жан-Пьер қазан айының басында.
РИА Новости жазғандай, қазір барлық жағдайлар президент үшін тиімді сипатта орындалып, Венесуэламен, Иранмен келісім жасалып, стратегиялық резервті тарту мүмкін болса да, оның әсері бірден біліне қоймайды. Қараша айындағы мерекелерге дейін баға әлі де көтеріледі де, бұл республикашылдар Байден мен оның әріптестеріне шабуыл жасауды жалғастырады дегенді білдіреді.