АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Қарағандылық полицейлер шілде айында із-түссіз жоғалып кеткен азаматтың мәйітін тапты, деп хабарлайды Polisia.kz.
33 жастағы қала тұрғыны 15 шілдеден бастап іздеуде болған. Полиция қызметкерлерімен бірге жоғалған азаматты іздеуге оның жақындары мен еріктілер жұмылдырылды.
“Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары мен тергеу әрекеттері барысында криминалдық полиция қызметкерлері жоғалған азаматты өлтірді деген күдікпен 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол жанжал барысында жәбірленушіге дене жарақаттарын салып, қылмысын жасыру үшін мәйітті жер үйлердің бірінің қорасында көміп тастағанын мойындады”, -деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 99-бабына сәйкес іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.