Павлодар облысында полицей суға батқан екі баланы құтқарды

Полицейдің бұл әрекеті туралы басшылық құтқарылған жасөспірімдердің ата-аналарынан естіген
Sputnik
АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Ертіс ауданының ауыл тұрғындары балаларын аман алып қалған полицейге алғысын айтып, Павлодар облысының полиция департаментіне жүгінді, деп хабарлады өңірлік құқық қорғау ведомствосының баспасөз қызметі.
Құрманбай Аманов пен Қанат Нұрсейітов Ертіс ауданы полиция бөлімінің қызметкері Азамат Саяновтың жасаған игі әрекеті туралы айтып берді. 5 қазан күні сағат 16:00 шамасында 12 жастағы Аспандияр мен 11 жастағы Қуаныш сабақтан кейін Ертіс өзенінің жағасында серуендемек болған.
Қуаныш жарға тым жақын келіп, суға құлап кеткен. Досының жүзе алмайтынын білген Аспандияр оны құтқару үшін суға секірген. Алайда екеуі де суға батып, айналадағыларды көмекке шақыра бастаған. Балалардың дауысын полиция қызметкері Азамат Саянов естіп қалған. Ол еңбек демалысында болып, паромнан туыстарын күтіп алып тұрған.
"Мен ойланбастан суға секірдім. Бастысы балаларды аман алып қалу деп ойладым, бастысы олар тірі болса дедім. Бұл жерде өзен айтарлықтай терең, ағысы да жылдам. Бұл қиын болған жоқ. Мен балаларға жүзіп жетіп, оларды жағаға қарай жылдам алып шықтым. Себебі мен бала кезімнен суда жүзумен айналысамын", - деді полицей.
Ауыл тұрғындары ержүрек тәртіп сақшысына алғыс айтып, оған зор денсаулық тіледі. Азамат өзінің бұл әрекетінде ерекшелік бар деп санамайды. Ол полиция қызметкері ретінде адамдарға көмектесу өзінің міндеті екенін айтты.