АСТАНА, 9 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматыда үйсіз-күйсіз қалған студенттер туралы видео тарап жатыр. Осыған байланысты ғылым және жоғары білім министрлігі пікір білдірді.
Ведомство ролик авторлары мен кейіпкерлерін, сондай-ақ оқиға куәгерлерінің министрлікке хабарласуын сұрайды. Қажет болған жағдайда студенттерге тиісті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
"Алматы қаласында қиын жағдайда қалған студенттерді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жедел штаб жұмыс істейтінін естеріңізге саламыз. Студенттер тиісті көмек алу үшін +7 778 655 60 83 нөміріне хабарласа алады. Сондай-ақ, Қазақстанда білім және ғылым саласындағы мәселелер бойынша 1450 телефоны бойынша бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді", - деп жазылған министрлік таратқан хабарламада.
Сонымен қатар, баспананы босатуды заңсыз талап ету немесе тұрғын үйді жалға беру құны өскен жағдайда азаматтар құқықтық көмек алу үшін әділет министрлігінің 119 байланыс орталығына немесе Астана, Алматы қалалары бойынша 58-00-58 телефонына хабарласа алады.
Еске салсақ, қыркүйектің ортасында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақханасыз қалған студенттер үшін жедел штаб құрылғанын хабарлады.