АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Павлодар облысындағы тас жолда бір жарым сағаттың ішінде екі бірдей көлік жүргізушісі апатқа ұшырады. Екеуі де қаза тапты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, 6 қазанда түнгі сағат 22.45-те Павлодар-Қызылорда автожолының 41-шақырымында Volkswagen Sharan автокөлігінің 52 жастағы жүргізушісі рөлді басқара алмай, аударылып кетті. Жол апаты Пограничник ауылының маңында болған. Көлік жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Ал бір жарым сағаттан кейін тура сол тас жолда Екібастұз қаласынан 15 шақырым жерде Toyota Camrу 40 бүйірімен темір қоршауға соғылды. Жылдамдықтың қатты болғаны сонша, темірдің біреуі үзіліп, көліктің ішіне кіріп кетті.
54 жастағы жүргізуші қысылып қалды. Ол да алған жарақатынан қайтыс болды. Қазіргі кезде сараптама тағайындалды. Көліктер арнайы айып тұрағына қойылды. Тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияның есебі бойынша жол апаттары көп жағдайда көлік жүргізушілерінің тәртіпті сақтамауынан болып жатады.