АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Шымкент тұрғындары көпқабатты үйлердегі лифтілер көп жылдан бері жұмыс істемей тұрғанын айтады.
Шымкентте мұндай 20 үй бар, деп жазды Otyrar.kz. Құрылғыны ауыстыру өте қымбатқа түседі, себебі лифт бағасы 8 миллион теңгеден басталады.
Тамара Жұмабаева 9 қабатты үйдің 8-ші қабатында тұрады. Күн сайын ол бір қолына баласын, бір қолына арбаны алып мініп-түсуі керек. Өйткені бұл көпқабатты үйдегі лифт жұмыс істемейді.
Тамараның айтуынша, лифт үй пайдалануға берілгеннен кейін үш жылдан кейін бұзыла бастаған. Алғашында оны қызмет көрсетуші компания жөндеген, кейін үй тұрғындарынан ақша жинап, лифті жиі жөндеуге тура келді.
"Алғашында бір бөлігін алу үшін 300 мың теңгеден, кейін 60-70 мың теңгеден жинадық. Бірақ лифт бір апта жұмыс істеп, қайтадан істен шығады. Қазір тамыздан бері жұмыс істемей тұр. Ал мұнда бәрімізде бала-шаға бар. Кейбіреулері баспананы жалға алады. Әкімдікке хабарластық, олар қаржы күтіп отырғанын айтты", - дейді Шымкент тұрғыны Тамара Жұмабаева.
Көпқабатты үйде денсаулығы нашар қарт адамдар да бар.
Әкімдік тұрғындарға лифтілерді ауыстыруды жаңғырту бағдарламасы бойынша жүзеге асыруды ұсынып отыр.
"Қазіргі уақытта Әл-Фараби ауданында төрт лифт жұмыс істемей тұр, оларды ауыстыру қажет, ал 16 лифт ауыстыру жоспарына енгізілді, қазіргі уақытта қаржыландыруды күтіп отырмыз. Егер лифт шынымен ауыстыруды қажет етсе, оның қызмет ету мерзімі аяқталса, тұрғындар оны жаңғырту бағдарламасы бойынша ауыстыра алады", - деді Шымкент қалалық қоршаған ортаның сапасын бақылау және дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мәлік Әбдінұров.
Лифтінің қызмет ету мерзімі – 25 жыл, осы уақыт өткеннен кейін оны ауыстыру керек.