АСТАНА, 7 қазан – Sputnik. Шымкент қаласында дәмханаға келген ер адамға оқ атылды. Полицейлер қару жатқан көлікті тапты, күдіктілерді іздестіру шаралары басталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгін таңғы сағат 04:30-тің кезінде ауруханаға оқ жарақатын алған ер адам жеткізілді. Дәрігерлер бірден полицияға хабар берді.
Тергеу кезінде дәмханада белгісіз біреулердің қарудан оқ атқаны анықталды. Олар ішінде отырған ер адамды жарақаттады. Сосын оқиға орнынан қашып кетті. Жараланған ер азамат жансақтау бөлімінде жатыр.
Жедел-іздестіру шараларының барысында ВАЗ-21014 автокөлігі табылды. Салонда екі қару болған. Күдіктілерді ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Қазіргі кезде Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы (Адам өлтіруге оқталу) сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.