Алматы облысында наразылыққа шыққан тұрғындар жолды жауып тастады

Sputnik
АЛМАТЫ, 7 қазан – Sputnik. Алматы облысының Төңкеріс ауылында баланы көлік қағып кетті. Халық биліктің назарын аудару үшін жолды жауып тастады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Талғар ауданына қарасты ауылдардың көпшілігі республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан. Соның бірі –Төңкеріс ауылы. Аталған елді мекенде баланы көлік қағып кетті. Халық бұған дейін биліктен жол белгілерін қоюды бірнеше рет өтінген. Базынасын тыңдата алмаған тұрғындар түнде наразылыққа шықты.
"Сағат 20:40-та 50-ге жуық тұрғын жергілікті автожолды жауып, жолдың аталған учаскесінде жасанды кедергі мен бейнебақылау камераларын орнатуды талап етті. Жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жиналғандармен түсіндіру жұмысын жүргізді", -деп хабарлады Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Аудандық полиция мен прокуратура өкілдері тұрғындармен келіссөз жүргізіп, қоғамдық тәртіп бұзылмады.
Айта кетері, Республикалық маңызы бар Төңкеріс-Байсерке-Қараой-Межреченск жолының аталған учаскесі елдімекен арқылы өтеді.