Ресейлік ерлі-зайыпты қос азаматтық алғаны үшін елден шығарылды

Заң бұзушыларға 5 жыл мерзімге Қазақстанға кіруге тыйым салынады
Sputnik
ПАВЛОДАР, 6 қазан – Sputnik. Алматы әуежайындағы желілік полиция бөлімі көші-қон қызметінің қызметкерлері Ресей Федерациясының егде жастағы азаматтарын Қазақстанның азаматтық туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісіне көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, 69 және 71 жастағы ерлі-зайыптыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабының екінші бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімде шетел азаматтығын алу фактісін хабарламау) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен құқық бұзушыларға 5 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына кіруге тыйым салынды, олар Қазақстан Республикасы аумағынан шығарылады.
Жыл басынан бері көлік полициясының қызметкерлері Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 986 азаматты, оның ішінде қос азаматтығы бар 38 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ 155 шетелдік сот шешімімен елімізден шығарылды.