8 млн теңге талап еткен: ақтаулықты бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 6 қазан – Sputnik. Деструктивті діни ағымды ұстанушылар ақтаулықтан 8 млн теңге бопсалаған, деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлеріне деструктивті діни ағымды ұстанушылар алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында ақшалай қаражат бопсалаумен айналысатыны туралы жедел ақпарат келіп түсті.
Осы жылдың 13 қыркүйегінде сағат 23:30 шамасында алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобы жәбірленушіні Ақтау қаласының шағын аудандарының бірінде орналасқан жалдамалы пәтерге алдау жолымен әкелді.
Тапанша, электрошокер мен пышақты пайдаланып, бопсалау жолымен жәбірленушіден 8 млн теңге мөлшерінде ақшалай қаражат талап етті. Олар барлық іс-әрекетін ұялы телефон камерасына түсірген.
Күдікті деструктивті діни ағымның төрт жақтаушысы ұсталды. Оларға қатысты тінту іс-шаралары жүргізілді. Барлық заттай дәлелдемелер тәркіленді.​
Төрт адамнан тұратын топтағы адамдардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды, соттың санкциясымен барлығы қамауға алынды.