Жамбылда із-түзсіз жоғалып кеткен әйел елсіз даладан табылды

Әйелдің денсаулығында ауытқу болған. Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады
Sputnik
АСТАНА, 5 қазан – Sputnik. Жамбылдық полицейлер жоғалып кеткен әйелді ауыр жағдайда тапты, деп жазды Polisia.kz.
Жамбыл облысы Сарысу ауданының полиция бөліміне Саудакент ауылының тұрғыны 37 жастағы қарындасының жоғалып кеткенін хабарлады.
Әйел үйден белгісіз бағытта шығып кетіп, жақындарымен байланысқа шықпаған. Ол 2011 жылдан бастап психикалық диспансер орталығында есепте тұрады. Хабарламадан соң Сарысу аудандық полиция бөлімінің барлық жеке құрамы шұғыл түрде дабыл бойынша көтеріліп, жоғалған әйелді іздеуге жұмылдырылды. Жоғалған әйел 5 күннен кейін жазық даладан ауыр жағдайда табылды.
"Іздеу жұмыстарына волонтерлер мен жергілікті тұрғындар, аудандық төтенше жағдай бөлімінің қызметкерлері де қосылды. Іздестіру шаралары Сарысу ауданының елді мекендерінде ғана емес, шекара маңындағы ауылдардың аумағында да жүргізілді",– деп атап өтті полицейлер.
Көшелер, үйлер, аулалар, қараусыз қалған ғимараттар мен жертөлелер, жолдың бойлары да тексерілді. Жоғалған әйел 5 күннен кейін жазық далада ауыр жағдайда табылды. Есін білгенмен, суық пен аштықтан әбден қажып, әлі құрыған. Сол жерде оған медициналық көмек көрсетілді.
Ал әйелдің ағасы қарындасын аман тауып берген құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, волонтерлерге және тұрғындарға алғысын айтты.