АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. ТМД-ға мүше елдер өкілдері білім саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстанның оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің төрағалығымен білім беру саласындағы кеңес отырысы өтті. Оған Беларусь, Тәжікстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения елдерінің өкілдері қатысты.
Отырысқа қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттердің базалық ұйымдары қызметін дамыту, білім сапасын қамтамасыз ету, білікті мамандарды даярлау, ұлттық аттестация жүйелерін дамыту мәселелерін қарады.
Сондай-ақ кеңес мүшелері білім саласы қызметкерлерін "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру ісінің үздігі" төсбелгісімен марапаттау туралы шешім қабылдады.
"Ертең ТМД-ға мүше мемлекеттер мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің VII съезі өтеді. ТМД елдерінің үздік педагогтарының шеберлік сабақтары өтеді. Сондай-ақ тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылады. Съезде ТМД елдеріндегі білім саласының даму болашағын, қандай өзгерістер мен жаңалықтар енгізіліп жатқанын талқылап, қарар қабылдаймыз. Съезді тәжірибе алмасу алаңы ретінде қарастыру керек. Әріптестерімізбен білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі қалай дамытатынымызды талқылаймыз", - деді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.
Педагогтер съезі ТМД елдері білім министрлері конференциясының шешімімен екі жылда бір рет өткізіледі. Съезд аясында ІІ Педагогикалық шеберлік фестивалінің қорытынды кезеңі өтіп, байқаудың финалистері, яғни ТМД елдерінің мұғалімдері елімізге келеді. Олар сайыс сабақтарын көрсетеді. Мұғалімдерге арналған шеберлік сабақтары үш номинация бойынша өтеді: мұғалім, тәрбиеші және психолог/әлеуметтік педагог.
Съезд Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қоры қолдауымен өтеді.