АСТАНА, 4 қазан – Sputnik. Қазақстандық автоөндірушілер жапониялық Toyota корпорациясының зауытын ашу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден Қазақстанда Toyota зауытын ашу туралы келіссөз жүргізіліп жатыр ма деп сұрады.
"Toyota – біздің еліміздегі ең танымал брендтердің бірі. Әрине, біздің өндірушілер келіссөз жүргізіп жатыр. Бизнес корпорациялар бұл мәселені мемлекеттік органмен талқыламайтын шығар, өйткені ол техникалық мәселе: кім қанша ақша құяды, қандай құзыреттер, сату нарығына қаншалықты дайын. Келіссөз жүріп жатыр, оң шешім шыға ма, жоқ па, оны білмеймін", - деп жауап берді Өскенбаев.
Министрдің ойынша, егер Қазақстанда Toyota ашылса, бұл еліміздің ең мықты жетістіктерінің бірі болады.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары жапониялық Toyota автокөлік корпорациясы Ресейде өз зауытын жабатынын хабарлаған еді.