Қоғам

"Кішкентай екі жиенімнің ақшасын ұрлап алдым": құмар ойынға құныққан алматылықтың әңгімесі

Sputnik
АЛМАТЫ, 4 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының тұрғыны Бекзат Байсафаров 21 жасынан бастап алты жыл бойы есірткі мен құмар ойынына тәуелді болған. Бүгінде құлан таза айығып, өзі секілді құмарлық дертіне шалдыққандарды емдеумен айналысады. Ол өзінің құмарлық ойындарына қалай тап болғаны және ол жолдан қалай аман қалғаны туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне баяндап берді.
Айта кетері, 32 жастағы Бекзат Байсафаров қазіргі күні психолог-аддиктолог, "Sober road" орталығы директорының орынбасары.
Бекзат Маратұлы, сіз тағдыры күрделі жандардың бірімін деп санайсыз өзіңізді.
Ия, солай. Өйткені мен есірткі тұтынғам, қаншама жыл букмекерлік контораларда ойын үшін ақша тіктім. Жалпы, мен ауруы асқынған ойынқұмар адам болдым. Негізі интеллигент отбасында дүниеге келдім. Сабақты өте жақсы оқыдым. Жетінші сыныпта оқып жүріп, 10-11 сыныптың математикасын шемішкеше шақтым. Өте белсенді, озат, алдыңғы қатарлы балалардың бірі болдым.
Сондай озат, білімді, тәрбиелі баланың есірткіге, құмар ойынға салынып кетуіне не себеп?
2013 жылы ойынханаларға бара бастадым. Бұған әкеп соққан есірткі. Мен музыкамен де шұғылдандым. Сол музыкаға әуес болып жүріп, есірткі тарта бастадым. Бір күні жол полициясы қызметкерлеріне есірткімен ұсталдым. Оны шешу үшін 200 мың теңге керек болды. Оны достарым жинап берді. Өзім жұмыссызбын. Сөйтіп, бір қарыздан екінші қарыз, одан үшінші қарыз, мен не істерімді білмедім. Ақыры букмекерлік контораға бардым. Қалтамдағы 3000 теңгемен ойнадым. Сол түні мен 34000 ұтып алдым, сосын 150 мың ,сосын 300 мың, сөйтіп біртіндеп миллионға жеткіздім.
Демек қарызыңыздан құтылдыңыз?
Ия, қарызымнан құтылдым, ал үстіне түскен ақша есірткі, тамақ, қыздарға кетті. Өзіме бір "кайф" өмір болды. Ойынқұмарлардың басты кемшілігі, ақымақтығы десем де болады - олар өздерін өте ақылды сезінеді. Осылай ойнап жүріп мен миллион теңге ұтылып қалдым. Шок болдым, қалай бұл? Мен неге ұтылуым керек? Сұмдық! Бұлай болуға тиіс емес деп арпалыстым.
Сіздің ойыңызша, дәл бұлай ұтылмауыңыз керек еді?
Әрине, сол миллионды терлеп, адал еңбекпен тапқандай сондай қайғырдым. Жанымды қоярға жер таппадым. Көзім қарауытып, басым айналып, ашу-ыза кернеп, қайтсем де қайтарам деп шештім. Әкем ақшаны ешқашан банкке сақтамайды, бір пачка ақша үйде тұратын. Оны бір-екі рет көргенмін. Ұтылған миллионды қайтару үшін жаңағы бір пачка ақшаның арасынан 2000 долларды суырып алдым. Ұтылып қалдым. Тағы әкеп 3000 доллар салдым. Ақыры бүкіл 34000 долларды ұтылып тындым. Менің бойымдағы үрей, қорқынышты тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Үйдегілер ақшаны іздей бастады. Мен "дос балам екеуміз бейнекамера сатып алдық" деп алдадым әке-шешемді.
Бекзат Байсафаров
Бұл сіздің алғашқы ең көп ұтылып қалған ақшаңыз ғой?
Ия, қарызға белшемнен баттым. Бір күні сол букмекерлік контораның кассасында отыратын қызыма кассадағы ақшаны қойып ойнайтынымды айттым. Ол келісті. Кассада 200 мың болғанда инкассация шешіп әкетеді. Ал мен 700 мың ұтылдым. Дос қызым шоши бастады. Өйткені ақшаны салу керек қой. Сол кезде ғана мен анама айттым. Әкем маған мүлдем сенген жоқ. Оның ойынша баласы мұндай халге түспеу керек, түсуі мүмкін емес. Балалары ойынқұмар барлық ата-ананың басты қателігі - баласының сондай халге түскенін мойындамауы. Менің әкем де мойындамады. Әу баста әкем баласының ойынқұмар екенін мойындап, маған қылбұрау салып, басқаша шара қолданғанда мен былыққа батпас па едім деп ойлаймын. Кім білсін...
Анаңызға да, әкеңізге де өте ауыр соқты. Ал бауырларыңыз сізден теріс айналып кетпеді ме?
Анам 2002 жылдан бері қатерлі ісік дертімен сырқат. Бірақ мына ойынқұмарлық тіпті анамның жағдайына қарауға да мұршамды келтірмеді. Әкем бір емес, 7-8 рет менің қарызымды жапты. Қаншама миллион құйды. Ал әпкем мені емдету керек деп жанталасып, қазір сол әпкемнің арқасында адам болдым. Бірақ сол кезде әпкемді өте жек көрдім.
Сол сәтте сіз "не істеп жүрмін, неге бұлай істеп жүрмін, болашағым қалай болады?" деп өзіңізге есеп бермедіңіз бе?
Мен бір жерде тұрақты жұмыс істеген адам емеспін. Мен бүгінгі күнмен емес, қиялданып болашақпен өмір сүрдім, ойым басқа жақта жүретін. Мінезім жеңілтек, оңай ақша, тәтті тамақ, әдемі киім киіп жүруді ғана мақсат тұттым. "Таксовка" жасаймын деп кетемін, бірақ оны да жасай алмаймын. Тапқан тиын-тебенді музыка клубына барып, ішіп жеу, шегуге құртамын. Мініп жүрген көлігімді ломбардқа өткіздім. Оның ақшасын ойынханаға салдым. Қаншама адамды алдадым, қаншама адамды жылаттым. Қаншама адамға опасыздық істедім. Кішкентай екі жиенімнің жинап қойған 4000 теңгесін ұрлап алдым. Мен сол сәт ақшаны ойлап тұрдым, ал сол ақшада қаншама арман мен мақсат жатты. Мен олардың армандарын ұрлап кеттім ғой. Бәрін біліп тұрмын, түсініп тұрмын, бірақ ұрламасқа амал жоқ. Өйткені мен психологиялық әбден тозған, әбден ауру болған адаммын. Маған осы оқиғалар өте ауыр соқты.
Сіз қанша ақша ұттыңыз, қанша ұтылдыңыз?
200 мың доллардай ұтылдым. Ал ұтқаным 20 мың доллар болатын шығар. Мен теңгемен емес, доллармен ойнадым.
Осы жағдайдың бәріне әке-шешеңіз тек кешіріммен қарады ма?
Олар шаршады менен. Мені тіпті бір минутқа жалғыз қалдыруға болмайтын жағдайға жеттім. Ақыры әкем үйден қуып шықты. Баратын жерім жоқ, жүрем тентіреп. Өз үйіме есіктен емес, терезеден тығылып кіретін дәрежеге жеттім. Тіпті мынадай жағдай болды: біздің көшеде бір керексіз қора тұратын. Сол қораның ішіне кіріп жатамын. Ескі жырым-жырымы шыққан төсеніш тұрады. Сол төсенішті оранып аламын. Қорада өріп жүретін кеміргіштерді көрсеңіз, мені аңдып, сәл ұйықтап кетсем болды, талап тастауға шақ тұрады.
Бекзат Маратұлы, сіз қалай ойынқұмарлықтан бас тарттыңыз, қалай емделдіңіз?
Менің адам болуыма себепкер - әпкем. Екіншіден, мен қарыздарымнан қашып, тығылған жерім оңалту орталығы болды. Өйткені аяқ басып жүрер жерім қалмады. Мені кім дұрыс жолға жетеледі дейсіз бе? Ішкі санам, жан-дүнием. "Ешбір қайтарымсыз көмек жасаудан баста" деп қайрадым өзімді. Сосын аз ғана ақшаға көп жұмыс істеймін деп шештім. Мен өмірі бір орында бір жыл жұмыс істеп көрмеген адаммын, ары кетсежұмыс істеп бір ай ғана жүремін. Тұрақты болуды қолыма алдым. Ойынқұмарларда ешқашан тұрақтылық болмайды. Олар тұрақсыз әрі қорқақ, әрі өздеріне деген сенім болмайды. Оңалту орталығында біртіндеп рухани құндылықтар пайда бола бастады. Қаншама адамға кесірім тигенін сол кезде ғана сезе бастадым.
Қазір өзіңіз сияқты ойынқұмар болып кеткен адамдарға қолұшын берумен айналысасыз ба?
Ия, қазіргі мақсатым - өзім сияқты ойынқұмарлықтың батпағына батқан адамдарды таза өмірге алып шығу. Осы жолда мен психология мамандығын алу үшін екінші жоғарғы оқу орнын бітірдім. Менің тәжірибем бар, енді академиялық білім алу керек болды. Мен емделген кезде консультант-игроман мамандар болған жоқ. Тек теория жүзінде ғана ем жүргізетін мамандар болды.
Сізге қанша адам көмек сұрап келеді?
Көп. Айына 15 адам, кейде одан көп. Қосымша оңалту орталықтарына барамын. Ақтөбеден бір ата мен апа баласын жетектеп келіпті маған. Алдында бір телехабарға кейіпкер ретінде шыққам. Сол хабарды көріп, маған ойынқұмар баламды емдеп бер деп ертіп келіпті. Міне, бес жыл болды ол жігіт құмарлықтан құлан таза айығып, өзі сияқты қателескен жандарды емдеп келеді.
Құмар ойынына салынғандар саны артып бара ма?
Артып барады. Менің түсінбейтінім, неге мемлекет бұны жабу астында ұстайды? Қаншама адам сорлап жатыр. Ойынқұмарлықпен күресу үшін үлкен реформа керек. Алдын алып жатырмыз деген жәй ғана сөз. Казино, букмекерлік орталық, ойын автоматтарының арқасында санаулы адам шылқып байып жатыр, ал қаншама адам құрдымға кетіп жатыр. Қазақстанда құмар ойындарын жоятын реформа қалыптастыру керек. Кейбір статистиканы қарап отырсам, құмар ойындарын ойнайтындар саны саусақпен санарлық екен. Біз қатерлі індетті біле тұрып, жасырып-жауып, ұлтқа қастандық жасап отырмыз. Бізден статистика беріңізші деп сұрап жатады. Құмар ойынына салынған қанша адам бары туралы статистиканы біз тұрмақ, мемлекет бере алмайды.
Ата-аналарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?
Балаңыз құмар ойынына салынды ма, жасырып-жаппаңыз, еш ұялмаңыз. Баланың емес, ол сіздің отбасыңыздың қасіреті.
Біріншіден, өз беттеріңізбен емдеп, ақыл айтып, тыямын деп ойламаңыз. Өйткені шамаңыз жетпейді. Балаңызды емдей алмайсыз өз бетіңізбен. Көпшілік ата-ана "оңалту орталықтары ақылы, оған ақша төлегенше баламның қарызын төлей салайын" деп ойлайды. Жасырмаңыздар балаңыздың дертін және құмар ойынына салынған балаға болсын, басқаға болсын ешқашан сенбеңіздер.
Екіншіден, қандай қарызға кірсін мейлі, ешқайсысын төлеп, шығынын өтемеңіз. Келесі былыққа батқанына сіз ары қарай жол ашып бересіз.
Үшіншіден, ешқашан жасырмаңыздар. Балам суицид болады деп қорықпаңыздар. Қорқыныш - ол өз-өзімізді алдау. Қорықпаған адам ғана құмар ойыны деген індетпен күресе алады, жеңіп шыға алады.
Алға қойған мақсатыңыз қандай?
Небір психологиялық орталықтар құмар ойынына шалдыққандарды бізге жібереді. Өйткені оларда теория бар, практика жоқ. Мұндай дертке шалдыққандарды жалғыз теориямен емдеу әсте мүмкін емес. Ал менің мақсатым - шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу. Кезінде құмар ойнынына әбден салынып, кейіннен мықты азамат болған адамдардың әдіс-тәсілдерін біліп, солармен тәжірибе алмасқым келеді. Өкінішке қарай, Қазақстанда ойын автоматтары мен букмекерлік конторалар көп, бірақ одан шығу үшін жасалған ешбір жағдай жоқ. Тіпті бұл үшін қаражат та бөлінбейді. Сайып келгенде құмар ойынына салынған адамдардың проблемасы жабулы күйінде қалып отыр.